Киелі кітап вебсайтына қош келдіңіз!
“Уа, Ием, Сен сиынатын Құдайымсың,
Таң сәріден мен Саған бет бұрамын,
Сусыз жердемін кеуіп, құлазыған,
Жан-тәніммен Сені аңсап сағынам.”
Осы вебсайтта Киелі кітаптың мәтіндерін (текстерін) тікелей оқи аласыз. Киелі кітап мына үлкен бөлімдерден тұрады:
Осы кітапты өзіңіз окып-зерттеңіз, Жаратушы Иеміз – Алла Тағаланың қандай екенін біліп алыңыз…
Ол — әлемді және ондағының бәрін жаратқан Құдай, көк пен жердің Иесі! Сондықтан Ол адамның қолынан шыққан киелі үйлерде тұрмайды. Құдай пенделердің Өзіне қызмет етуіне де зәру емес. Қайта, Оның Өзі барлығына өмір, дем және қажеттінің бәрін сыйлайды. Ол бір адамнан адамзаттың бар ұлттарын таратып, оларды бүкіл жер жүзіне мекендеткен және олардың мерзімдері мен тұратын жерлерінің шектерін белгілеп қойған.
Құдай бұны адамдар Өзін іздесін, мүмкін, қарманып жүргендей іздестіріп, тауып алсын деп істеді. Ол әрқайсымыздан алыс емес, себебі
«Оның арқасында біз өмір сүріп, әрекет жасап, тіршілік етіп жүрміз».
Киелі кітапты осы вебсайтта тікелей оқу үшін мына жерге шертіңіз.
Ал оны өзіңіздің компьютер, DVD-ойнатқыш немесе ұялы телефон секілді аспабыңыз арқылы оқу үшін мына жерге шертіңіз.
Авторлық құқық туралы мәліметті міндетті түрде оқып шығыңыз.
Алғы сөз
Киелі кітап — Құдайдың сөзі, бүкіл адамзаттың баға жетпес мұрасы. Кең-байтақ әлемде Жаратқан Иеге сиынушылар Киелі кітаптың ежелгі заманнан бізге жеткен жазбаларын қасиет тұтып, қастерлеп келеді. Оның тарихта не тікелей, не өзге кітаптар арқылы әдебиет пен ғылымға, заңдарымыз бен салт-дәстүрлерімізге жасаған ізгі ықпалы орасан зор. Құдай сөзінің қасиетті жазбаларын өз ана тілімізде оқып, игілікті мазмұнымен жақыннан танысуға мүмкіндік бергені үшін Жаратқан Иемізге шын жүректен шүкірлік етеміз.
Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген кезден бері болашаққа деген үмітіміз мол. Алдымызда «алтын дәуірдің» болуын тілейміз. Жеке адамдар мен елдер арасындағы ынтымақ пен әділдіктің берік қалыптасу жолдары Құдай сөзінде нақты көрсетілген. Арамызда тату-тәтті қарым-қатынас орнығып, бейбіт, тыныш өмір орнау үшін Оның ізгі жолымен жүру ең басты қажеттілік.
Даналығы әлемге әйгілі Сүлеймен патша «Нақыл сөздерінде» былай деген: «Білімнің бастауы — Жаратқан Иені терең қастерлеп, Оған мойынсұну». Хақ Тағаланы шын жүректен қастерлеп, Оның еркіне бағынатындар үлкендерді сыйлап, кішілерді қамқорлап, мұқтаждарға мейірімділік көрсетеді, сондай-ақ әділ заңдар мен ізгі салт-дәстүрлерді сақтап, елдің ілгері дамуына атсалысады. Осы тура жолмен жүрген адамдар шынайы бақытты табады.
Қолыңыздағы жаңа басылым «Таурат», «Забур», «Пайғамбарлар жазбалары» және «Інжіл шарифті» толық қамтиды.
Сонымен бұл қасиетті шығарманы оқырман қауымға табыстай отырып, Алла Тағаладан еліміз бен үкіметімізді игілікпен молынан жарылқап, халқымызға тыныштық пен амандық сыйлай көрсін деп тілейміз.
Киелі кітап туралы қысқаша мәлімет
Алайда Құдай Тағала әлі де рақымдылық көрсетіп, Нұх, Ыбырайым, Мұса және тағы басқа пайғамбарларды тағайындады. Олар арқылы адамдарға Өзінің әділ еркін білдіріп, Өзімен қарым-қатынас жасаудың жолын ашты. Таурат, Забур және Пайғамбарлар жазбаларынан солардың өмірлері, Хақ Тағаланың жіберген хабарлары және Оның ерекше таңдап алған халқы жайлы оқимыз. Жаратқан Ие көне заманда Өзінің ақ жолына түскендермен игілікті Келісім жасаған болатын. Сондықтан да осы туралы баяндайтын Таурат, Забур және Пайғамбарлар жазбалары бірігіп «Көне Келісім» деп те аталады.
Құдай Тағала адамзатты күнәнің құлдығынан құтқару мақсатымен Мәсіхті жіберетінін бірнеше ғасыр бойы пайғамбарлары арқылы алдын ала білдірген болатын. Мәсіхтің керемет жолмен осы дүниеге келіп, күнәсіз пәк өмір сүріп, адамдарды құтқару үшін өз жанын құрбан еткені Інжіл шарифте баяндалады. Мәсіхтің өмірінде пайғамбарлардың Ол туралы алдын ала білдіргендерінің бәрі де жүзеге асты. Інжіл шарифте Құдай Иенің адамдарға Мәсіх арқылы Өзімен бұрынғысынан да керемет Жаңа Келісімді ұсынғаны сөз болады. Інжіл шарифтің «Жаңа Келісім» деген атауы осыдан шыққан.
Сонымен Жаратқан Ие Інжіл шариф арқылы Көне Келісімнің жазбаларын растап, толықтырып, Өзінің еркін адамзаттың тереңірек танып-түсінуіне мүмкіндік берді. Сол себепті де Жаратқан Иенің білдірген барлық тәлімдерін ұғына алуымыз үшін Оның Киелі кітаптағы жазбаларының бәрін қастерлеп, оқып-үйренгеніміз жөн.
Теріс жолдан қайтып, Құдайдың тура жолына түскен сансыз көп адам жарылқанып, өмірлері өзгеріп, қуаныш пен жан тыныштығына кенеліп келеді. Сондай құдайшыл жандар Оның хабарлары сақталған қасиетті жазбаларды мұқият көшіріп жазып, жинақтап, кейінгі ұрпақтарға қалдырды.
Көне заманда жазылған не рухани, не басқа да кітаптың ешбір түпнұсқасы осы күнге дейін жеткен жоқ. Себебі ежелде қағаз бен баспахана құралдары болмағандықтан, жазу үшін папирус және арнайы әдіспен иленген мал терілері (жарғақтар) қолданылатын. Уақыт өте сол заттардың тозып, жарамсыз болып қалатыны түсінікті. Алайда Құдай Тағаланың рақымы және құдіретімен шөлді аймақтардағы құрғақ, жабулы орындарда сақталған Киелі кітаптың жазбаларының көптеген ежелгі көшірмелері осы заманға дейін жетті. Мысалы, Палестинадағы Өлі теңіздің батыс жағасындағы шөл далада орналасқан Құмран үңгірлерінен Ишая пайғамбардың жазбасының екі мыңнан астам жыл бұрын жасалған қолжазбасы табылды! Сонымен қатар Мысырдағы шөлді жерлерде Інжіл шарифтің бұдан бір мың алты жүз жыл бұрын жарғаққа жазылған толық қолжазбалары (кодекстер) және одан да көне папирус қолжазбаларының үзінділері сақталып келді.
Құдай сөзінің қасиетті мазмұнының соншама ұзақ уақыт біздің заманымызға дейін сақталып келгені қандай керемет! Ал Киелі кітаптың Қорғаушысы — құдіреті шексіз Алла Тағаланың Өзі. Ол мыңдаған жылдар бойы өз кітабының рухани мазмұнын құрып кетуден сақтап келіп, біздердің де қазіргі күні оны оқып-танысуымызға мүмкіндік береді.
Киелі кітаптың маңызды қасиеттерінің тағы біреуі мынау: шамамен бір жарым мыңжылдық кезеңде түрлі адамдар арқылы жазылғандығына қарамастан, Киелі кітаптың жазбаларындағы рухани хабарлар бір-біріне сәйкес келеді. Киелі кітаптың ішкі біртұтастығы оның шын мәніндегі жазушысы ондағы жазбаларды жазып қалдырған кісілер емес, құдіреті күшті Құдайдың Киелі Рухы екендігін дәлелдейді.
Құдай сөзінің тағы бір ерекшелігі — оның мазмұнын түсіну аса қиынға соқпайды. Киелі кітап осыдан мыңдаған жылдар бұрын көне тілдерде жазылғанына қарамастан, оны әлемнің кез келген тіліне аударуға болады. Киелі кітаптың негізгі мазмұнын тіпті шала сауатты кісілер де түсіне алады. Әлемнің шалғай түкпірлерінде тұратын әр қилы адамдардың Киелі кітапты оқып-ақ, Құдайдың ізгі жолына түсіп, күнәларына кешірім алғандары туралы куәліктердің саны аз емес.
Жаратқан Ие Өзінің сөзін күллі адамдарға арнағандықтан, Киелі кітап бүкіл адамзатқа ортақ. Оның жазбалары дүние жүзіндегі әдеби тілдердің бәріне дерлік аударылып, басылып шыққан. Сондықтан Киелі кітап дүние жүзіндегі ең көп тараған әрі ең көп оқылатын бірден-бір кітап. 2007 жылдың соңына дейін Киелі кітап толықтай 438 тілге, ал оның бөлімдері жалпы 2454 тілге аударылып, басылып шыққан.
Ерте заманда-ақ біздің еліміздегі және бүкіл Орта Азиядағы көптеген адамдар Құдайдың сөзін қасиет тұтып, қастерлеген. Халқымыздың бірсыпыра руларының Мәсіхтің тура жолымен жүріп, Құдайдың жарылқауына ие болғандары жайында тарихи деректер мол. «Ата-бабадан қалған сара жол — келер ұрпаққа да дана жол» делінгендей, біздің де Құдайдың сөзін қастерлеп, онда көрсетілген тура жолмен жүргеніміз орынды.
Тіл, әдебиет, тарих және дін мамандары ғылымның барлық жетістіктерін қолданып, Киелі кітаптың мазмұнын тұпнұсқаға дәл, анық та түсінікті және қазақ тілінің заңдарына сәйкес етіп аудару жолында еңбектенді. Олар Киелі кітаптың түпнұсқа тілдеріндегі ең көне қолжазбаларын негізге алып, оның басты аудармалары мен түсіндірме кітаптарын да пайдаланды.
Енді сонау қадым заманнан бізге жеткен осы қасиетті кітаппен қалың көпшілік, соның ішінде басшылар мен ғалымдар, ақындар мен жазушылар, өнер қайраткерлері мен жетекші мамандар да танысып, рухани игілік қабылдай алады.
Алла Тағала халқымыз бен басшыларымызды молынан жарылқап, бізді Өзінің Киелі кітабын мұқият оқып шығып, одан ізгілікті тәлім алуымызға жетелей көрсін! Аумин.
Ескерту: Жазба бөлімдерінің оңай табылуы үшін арнайы тақырыпшалар енгізілді.
Сонымен қатар беттердің төменгі жағында сілтемелер мен қысқа түсініктемелер берілді. Бұларға мәтіннің ішінде жоғары қойылған әріптермен сілтеніп, әрқайсысы да өзіне қатысты аяттың санымен басталады. Мысалы, а14, к20 т.с.с.
Түсініктемелердің көбінде Киелі кітаптағы басқа аяттарға сілтеме жасалған. Мысалы, «6:21,25-26» сол жазбаның ішіндегі алтыншы тараудың 21-ші және 25,26-шы аяттарын білдіреді. Ал «Жох 1:14» Жохан жазған Ізгі хабардың бірінші тарауының 14-ші аятына сілтейді.