Зәкәрия  9
Исраилдің жауларының сотталуы
1
Жаратқан Иенің мына ауыр хабары Арама еліндегі Хадрах аймағына, әсіресе Дамаск қаласына, қарсы айтылды. Себебі бүкіл адамзаттың және Исраилдің барлық руларының көздері Жаратқан Иеге қарайды.
2
Дамаскімен шекаралас Хамат
а
та, Тир мен Сидон да қанша дана болғандарымен Жаратқан Иенің ауыр айыптау сөзі соларға да қарсы айтылды.
3
Тир өзіне қорған салып, күмісті шаң-тозаңдай, алтынды даладағы саз балшықтай үйіп жинап алды.
ә
4
Бірақ енді Тәңір Ие оның дәулетін тартып алып, байлығын теңізге лақтырады, қалғанының бәрін от жалмайды.
5
Ашқалон қаласы Тирдің қирағанын көріп, зәресі ұшады. Газа да қорыққанынан бүрісіп қалады, үміті үзілген Әкрон
б
да осылай қысылып қиналмақ. Газа патшасынан айырылып, Ашқалон қаңырап бос қалады.
6
Азот қаласын жат жұрттық келімсектер мекендейтін болады. Філістір елінің өркөкіректігін Мен осылайша жоямын.
7
Мен оларды ет жегенде қанымен қосып жемейтіндей қыламын, арам деп белгіленген басқа тағамдарды да жегізбеймін.
в
Тірі қалғандары біздің Құдайымызға бағышталып, халқымның бөлігіне айналып, Яһуда руының бір атасы болып саналады. Бұрынырақта ебустіктер сияқты, әкрондықтар да Исраил халқына қосылып сіңіп кетеді.
8
Мен киелі үйімді айналдыра күзетіп, келіп-кетіп жүрген тонаушы топтардан қорғаймын. Өзім оны бақылап тұрғандықтан, енді зорлықшыл жау халқымның елінен өте алмайтын болады.
Құдай халқының болашақ Патшасы
9
Уа, Сион халқы, қатты қуан! Уа, Иерусалим халқы, шаттана ән шырқа! Қара, сенің Патшаң саған келе жатыр! Ол — әділ Құтқарушы, кішіпейілділікпен есекке мініп алып, тайқардың, бір жас есектің, үстінде отыр.
10
Мен Солтүстік Исраилден соғыс күймелерін, Иерусалимнен де атты әскерді аластатамын. Соғыс садақтары сындырылады. Сол Патша барлық халықтарға тыныштық жариялайды. Ол билігін теңізден теңізге дейін, үлкен Евфрат өзенінен жердің шетіне дейін жүргізеді.
11
Мен сендермен Келісім жасап, ол шалынған құрбандықтың қанымен бекітілген болатын.
г
Сол үшін Мен тұтқындарыңды сусыз құдық іспетті (Бабыл еліндегі) зындандардан құтқарып аламын.
12
Уа, күдері үзілмеген тұтқындар, қауіпсіз қорғандарыңа қайта оралыңдар! Жоғалтқандарыңды сендерге екі есе қылып қайтарамын деп бүгін уәде беріп отырмын.
ғ
13
Мен Яһуданы соғыс садағы, Солтүстік Исраилді
д
жебе ретінде қолданамын. Уа, Сион, Мен сенің ұлдарыңды
е
грек елінің ұлдарына қарсы көтеріп, семсер ретінде пайдаланамын!
Жаратқан Иенің өз халқын қорғап-қолдауы
14
Сонда өз халқының үстінен Жаратқан Ие пайда болып, Оның жебелері найзағайдай атылатын болады.
ж
Жаратушы Тәңір Ие кернейдей қатты дауыс шығарып, оңтүстіктегі иен даладан соққан дауылдай жауға бас салады.
15
Әлемнің Иесі өз халқын жан-жақтан қорғайтын болады. Олар дәу сақпан тастарымен жауларын ойрандап талқандайды. Шайқаста олар қызып алғандай айқайлайды. Олар (қан бүркуге арналған) тостағандай,
з
әрі құрбандық үстелінің мүйіз тәрізді бұрыштарындай, қанға малынатын болады.
и
16
Сол күні олардың Құдайы Жаратқан Ие Өзінің бағып жүрген отары іспетті меншікті халқын құтқарып алады. Олар Оның жерінде тәждің асыл тастары сияқтанып жалт-жұлт етіп тұрады.
17
Бұл қандай игі де әдемі көрініс болмақ! Дәннен — жас жігіттері, жаңа жүзім шырынынан — қыздары әлденіп, құлпырып жайнап кетпек.

а  Осы қаланың басқа аты Имаф.

ә  Сауда-саттығымен әбден байыған финикиялық Тир қаласының теңіздегі аралда орналасқан мықты қорғаны болды (Иш 23:1-8).

б  Газа, Әкрон (яки: Ақарон), Ашқалон, Азот: філістір қалалары (9:6; Иш 47:1,4-5).

в  Заң 12:23; Леу 11.

г  Мыс 24:3-8.

ғ  Иш 61:7.

д  Яки: Ефремді.

е  Яғни Құдайды қорлаған грек басқыншыларына қарсы көтерілген Мақабай әулетінің басшылығындағы исраилдік сарбаздарды (Дан 11:33-34).

ж  Мыс 19:16-20; Абқ 3:9,11; Жыр 17:13-15.

з  14:20; Леу 4:6-7.

и  Леу 4:7,18,25.