Зәкәрия 5
Алтыншы көрініс: ұшып келе жатқан шиыршық кітап
1
Мұнан кейін жоғары қарасам, бір шиыршық кітап ұшып бара жатыр екен.
2
Періште менен:
— Не көріп тұрсың? — деп сұрады.
— Ұшып бара жатқан бір шиыршық кітапты көріп тұрмын. Оның ұзындығы жиырма шынтақ, ені он шынтақ, — деп жауап бердім.
3
Сонда ол маған түсіндіріп былай деді:
— Осы кітапта жазылғаны — бүкіл жер бетіне таралып жатқан қарғыс. Қағаздың бір бетінде әрбір ұры, екінші бетінде әрбір өтірік ант етуші елден міндетті түрде аластатылады деген сөз жазылған.
4
Әлемнің Иесі былай дейді:
— Мен осы қарғысты ұрылардың және Менің атымды атап өтірік ант етушілердің үйлеріне жіберемін. Ол солардың үйлерінің ішіне қонып, үйдің тастары мен бөренелерін тып-типыл қылып құртады.
Жетінші көрініс: үлкен ыдыс ішіндегі әйел
5
Содан кейін менімен сөйлескен періште ілгері қарай шығып, былай деді:
— Басыңды көтеріп жоғары қара! Не жақындап келе жатыр? —
6
Мен:
— Бұл не? — деп сұрадым. Періште маған түсіндіріп:
— Бұл — үлкен өлшеуіш ыдыс — деді. Ол сөзін жалғастырып: — Ыдыс бүкіл елдің тұрғындарының жасаған қылмыстарының бейнесі, — деп қосты.
7
Сонда ыдыстың қорғасын қақпағын ашып, қарасақ, ішінде бір әйел отыр екен!
8
Періште:
— Бұл — заңсыздықтың бейнесі, — деді де, әйелді ыдыстың ішіне итеріп жіберіп, қорғасын қақпағын тығыздап жауып қойды.
9
Осыдан кейін тағы да қарасам, екі әйел қалықтап ұшып келе жатыр екен. Олардың аққұтанның қанаттарындай қанаттарынан жел есіп тұрды. Олар ыдысты аспан мен жердің арасына, әуеге көтеріп алып кетті.
10
Мен өзіммен сөйлескен періштеден:
— Олар ыдысты қайда алып кетті? — деп сұрадым.
11
Ол маған:
— Олар оны Бабыл еліндегі Шинар жазығына әкетті. Сол жерде оған ғибадатхана салып береді. Ол салынып, дайын болған кезде ыдысты сондағы арнаулы тұғырына қояды, — деп жауап берді.