Зәкәрия  12
Иерусалимнің жауларының күйреуі
1
Мынау Жаратқан Иенің Исраил елі жайлы айтқан ауыр хабары: Аспанды жайып жіберіп, жердің негізін қалаған,
а
адамның денесінде рухын қалыптастырған Жаратқан Ие мынаны айтады:
2
«Біліп қойыңдар, Мен Иерусалимді айналасындағы елдерді теңселдіретін ішімдікке толы тостаған іспетті қыламын.
ә
Жаулар Иерусалиммен бірге Яһуда елін де қоршауға алмақ.
3
Сол күні Мен Иерусалимді барлық халықтар үшін зіл қара тас іспетті қыламын: оны көтеремін дегендердің бәрі де өздерін зорықтырып алатын болады. Сол кезде жер бетінің күллі халықтары оған қарсы жиналып келетін болады.
4
Сол күні Мен әрбір атты қатты үрейлендіріп, оған мінгенді есінен адастырамын, — деп нық айтады Жаратқан Ие. — Мен Яһуда елін қырағы күзетіп, оған қарсы келген халықтардың соғыс аттарын соқыр қылып тастаймын.
5
Сонда Яһуданың рубасылары іштей былай дейтін болады: «Иерусалимнің тұрғындары — біздің қуатымыз, өйткені Әлемнің Иесі — олардың Құдайы!»
6
Сол күні Мен Яһуданың рубасыларын отынның арасындағы шоқ салғыштай, яки астық бауларының арасында жанып жатқан алаудай етемін. Олар айналадағы барлық халықтарды өртейтіндей жалмайды. Бірақ Иерусалимнің халқы қайтадан аман-есен өз мекенінде тұратын болады.
7
Сонда Дәуіттің әулеті мен Иерусалимнің тұрғындарының атақ-даңқы Яһуда елінің атақ-даңқынан асып кетпесін деп Жаратқан Ие алдымен Яһуданың елді мекендерін құтқарады.
8
Сол күні Жаратқан Иенің Өзі Иерусалимде тұратындарды қорғайды. Сол себепті олардың арасындағы ең әлсіз дегені Дәуіттей мықты болады. Ал Дәуіттің әулеті оларды Құдайдың Өзіндей, Жаратқан Иенің періштесіндей бастап алып жүреді.
б
9
Сол күні Мен Иерусалимге тап беретін барлық халықтарды құртуға кірісемін».
Халықтың өздері түйреп өлтірген Иесін жоқтауы
10
«Мен Дәуіттің әулеті мен Иерусалимнің халқына мейірім мен мінажат ету рухын дарытамын.
в
Сонда олар өздері түйреген Кісіге
г
қарайтын, әрі жалғыз ұлын жоқтағандай, жоқтау айтатын болады. Олар тұңғышы қайтыс болғандай, Ол туралы қатты күйініп, қайғыратын болады.
11
Сол күні Иерусалимдегі жоқтау Мегидо жазығындағы Хадад-Римонда болған жоқтау сияқты өте қатты болмақ.
ғ
12
Сонда бүкіл ел, әрбір әулет өз алдына, ер адамдар мен әйелдер бөлек-бөлек қайғырады: Дәуіттің әулеті өз алдына, (оның ұлы) Натанның әулеті өз алдына,
д
13
Леуінің әулеті өз алдына, (Леуіден тараған) Шимейдің әулеті өз алдына.
е
14
Аман қалған әулеттердің барлығы да, ер адамдары мен әйелдері бөлек-бөлек, қайғыратын болады».

а  Жар 1:1,6-8; Жыр 103:2,5; 101:26; Иш 42:5; Ерм 10:12; 51:15.

ә  Иш 51:17; 63:6.

б  Мыс 13:21; 14:19; 23:20.

в  Немесе: рақым мен мінажат (етуге жетелейтін) Рухты төгемін.

г  Немесе: Маған.

ғ  Шеж2 35:22-25.

д  Пат2 5:14; Лұқ 3:31.

е  Мыс 6:16-17; Рул 3:17-18.