Зәкәрия пайғамбар
Жазба туралы мәлімет
Леуілік діни қызметкерлер әулетінен шыққан Зәкәрия пайғамбар өз халқы жер аударылған Бабыл елінде дүниеге келді. Ол кейін басқа исраилдіктермен бірге әкім Зоробабел мен бас діни қызметкер Ешуаның жетекшілігімен халқының ата мекені — Исраилге қайта оралды.
Зәкәрия Хаққай пайғамбармен замандас болған. Ал Хаққайға қарағанда Зәкәрия Жаратқан Иеге әлдеқайда ұзақ уақыт пайғамбар болып қызмет етті. Хаққай Иерусалимдегі киелі үйді талқандалмаған күйінде көрген болса керек (Хақ 2:3). Б.з.д. 520 ж. Құдай оған сөзін арнағанда Хаққай 70 жаста еді. Зәкәрия сол кезде жас жігіт болатын (2:4). Хаққай пайғамбар сияқты, Зәкәрия да халықты Құдайға бет бұруға, өмірлерін Оған бағыштап, Оның киелі үйін салу жұмысын одан әрі жалғастыруға шақырды.
Жаратқан Ие Зәкәрияға сегіз көрініс көрсетіп (1:7-6:8), әлденеше хабар жіберіп, олар арқылы халыққа керемет те бақытты болашақ жайлы және «Ізгі Бағушының» келетіні туралы ашып білдірді. «Ізгі Бағушы» халықтың зұлым бағушыларына, яғни азғын да өзімшіл жетекшілеріне, мүлдем ұқсамайтын болады. Өйткені Ол өз өмірін құрбан етпек (12:10). Сол арқылы халық пен оның жетекшілері үшін өз күнәларынан тазара алатын «қайнар көз» ашылады (13:1). Ұлы Патша — Құдай Тағала өз халқына келіп, оның барлық жауларын жеңіп шығады. Сонда күллі әлем Оған бағынып, мойынсұнатын болады.