Титке хат  3
Сенушілердің өкіметпен және қоғаммен қатынастары
1
Үкімет пен жергілікті әкімшілік өкілдеріне мойынсұнып, олардың еркін орындап, жақсылық атаулыны жасауға дайын болу қажеттігін сенушілердің естеріне салып отыр.
2
Сонымен қатар, олар ешкімді қаралап, жанжал туғызбай, жұрттың бәріне бірдей мейірімділік пен ілтипаттылық танытуға тиіс.
3
Бір кезде біз де түйсіксіз болып, тіл алмай, азғырылып, түрлі құмарлықтар мен ләззаттың құлы болдық. Өмірімізді қара ниеттілікпен, күншілдікпен өткізіп, басқаларға жексұрын болып, бір-бірімізді де жек көрдік.
4
Алайда Құтқарушы Құдайымыз Өзінің қайырымын және адамзатқа деген зор сүйіспеншілігін айқын көрсеткенде
5
бізді құтқарды. Ол бізді жасаған әділ істерімізге бола емес, Өзінің мейіріміне бола күнәдан жуып тазартып, Киелі Рухы арқылы рухани қайта туғызып жаңартты.
6
Құдай бізді Өзінің Киелі Рухына Құтқарушымыз Иса Мәсіхтің арқасында молынан кенелтті.
а
7
Осылай біз Құдайдың рақымымен ақталдық, Оның сыйлайтын игіліктерінен үлестерімізді алып, мәңгілік өмірден үміттіміз.
ә
8
Бұл айтқандарым нағыз шындық. Құдайға сенгендердің өздерін жақсылық жасауға арнаулары үшін бұларды баса айтуыңды қалаймын. Олар адамдарға ізгілікті де пайдалы.
Қауымдағы жіктелуден сақтану
9
Мәнсіз айтыстар мен ата-тек туралы бос әңгімелерге, жіктелу мен Таурат заңы туралы дау-тартыстарға жол берме! Олар пайдасыз, құр бекершілік.
10
Қате ілім таратып, жік салатын әркімге бір-екі рет ескерту жасап, тыңдамаса байланыстарыңды үзіңдер.
11
Әбден бүлінген мұндайдың күнә жасай беріп, өз үкімін өзі шығаратынын білесің.
Соңғы өтініштер мен ақ бата
12
Мен Артема не Түхікті саған жіберген бойда кешікпей-ақ Никополға тез жетуге тырыс, сол жақта қыстап шығуға бел будым.
13
Заң қызметкері Зенаның және Аполлостың ешбір тапшылық көрмеулері үшін сапарларына қамқорлық жаса.
14
Біздің адамдарымыз өнімсіз өмір сүрмей, мұқтаждардың қажеттерін қамтамасыз етулері үшін игі істермен айналысуға үйренсін.
15
Қасымдағылардың бәрі де саған сәлем айтуда. Ортақ сенімде бізді сүйетіндерге сәлемімізді жеткіз. Лайым Құдай барлығыңа да рақымын жаудыра көрсін! (Аумин.)

а  Яки: бізге Өзінің Рухын... молынан құйды (Елш 1:5,8; 2:4; 10:44-45; Еф 5:18; Рим 5:5).

ә  Яки: ақталып, мәңгілік өмірден үмітті мұрагерлерге айналдық.