Титке арналған хат
Жазба туралы мәлімет
Бұл сәлемхат та Пауыл елшінің «Рухани қамқорлық хаттарына» жатады (Тімотеге 1-хатқа берілген мәліметті қараңыз). Елші мұны шәкірті әрі Құдай ісіндегі серігі Титке б.з. 62 жылынан кейін жазған. Бұрынырақ, өзі Түркиядағы Ефес қаласында тәлім беріп жүрген кезде, Пауыл Титті қорынттық қауымға сәлемхатын апаруға жолдаған болатын, себебі сол қауымда бірқатар күрделі мәселелер бар еді.
Сонан соң, өзінің Римдегі алғашқы сотында ақталып шыққанынан кейін, қарт елші Титпен бірге Жерорта теңізіндегі Крит аралына сапар шегіп, Ізгі хабарды сонда уағыздады. Аралдан кетерінде Пауыл Титтен сонда қалып, бірқатар маңызды жұмыстарды жүзеге асыруын, мысалы, қауым жетекшілерін тағайындауды сұрады.
Осы хатында елші Титке қауым жетекшілеріне қажетті қасиеттер туралы қосымша нұсқау беріп, қате ілімдерді уағыздайтын ұстаздардан сақтандырады.
Сол заманда Крит тұрғындары өздерінің опасыздығы, жалқаулығы және ләззатқұмарлықтарымен кең танымал болатын. Сондықтан Титке қауымдағы барлық топтарды Құдайға ұнайтындай ұстамды да пәк өмір сүруге шақыру қажет болды. Иеміз Мәсіх сенушілерді жамандықтың құрсауынан құтқару үшін Өзін құрбан етті. Ол қайта оралып, салтанатты ұлылықпен көрінетін болады. Оған дейін Иеміз өз халқынан кінәратсыз, таза өмір сүруді күтеді.