Інжіл Шариф
Інжіл шариф «Қастерлі Жақсы хабар» дегенді білдіреді. Ол Құдай Тағаланың еркіне сай Оның Киелі Рухының жетелеуімен жазылған. Інжіл шариф адамдарға күнәнің құлдығынан азат етіліп, Құдайдың тура жолымен жүрудің қажет екендігін үйретеді.
Інжіл шарифтегі «Ізгі хабар» деп аталатын алғашқы төрт жазба Мәсіх Исаның кереметпен дүниеге келуі және күнәсіз пәк өмірі, Оның игілікті ілімі, құрбандық өлімі және қайта тірілуі туралы баяндайды. Исаның бойынан Жаратқан Иенің киелілік пен рақымдылық, құдіреттілік пен мейірім-шапағат сияқты ізгі қасиеттері мүлтіксіз көрініс тапқан.
Иеміз Мәсіх өз жанын құрбан етіп, қайта тірілген соң ізбасарларына құтқарылу туралы Ізгі хабарды барлық халықтарға жеткізуді аманаттады. «Елшілердің істерінде» бұл хабардың Азиядағы және Жерорта теңізінің төңірегіндегі бірнеше елге жеткені, содан сенушілер қауымдарының көптеп қалыптасқаны жайлы баяндалады.
Елшілер және алғашқы қауым жетекшілері өздерінің жазған хаттарында сенушілерді қиын-қыстау кезде де Құтқарушы Иеміз Мәсіхке адал болуға шақырып, жігерлендіреді. Олар, сондай-ақ, қауымдарда туындаған мәселелерді де қарастырып, Құдаймен тығыз қатынаста тұрып, Оған ұнайтындай өмір сүру жайында түбегейлі тәлім береді.
Киелі кітаптың соңғы жазбасы — «Аян» Алла Тағаланың осы дүниенің ақыры жайлы ізгі еркін ашып көрсетеді. Мәсіх Иса сенушілерді Өзінің қасына жинап алады, ал Оған бағынбайтындарды біржола жеңіп, жазалап, Өзінің әділ, тамаша Патшалығын құрады. Сонда көк пен жердегілер Жаратқан Иені мәңгі мадақтап, шынайы бақытқа кенелетін болады.