Забур
Забур — Киелі кітаптың ерекше маңызды да көркем бөлімі. «Өнер алды қызыл тіл» делінгендей, Жаратқан Ие адамзатқа Өзінің ізгі еркін білдіру үшін қызметшілеріне сыйлаған ақындық пен шешендік дарындарын да пайдалануды жөн көрді.
Забур бөлімінде Құдайдың Киелі Рухының жетелеуімен пайда болған төрт жазба жинақталған. Олардың ең үлкені — «Забур жырлары»; ондағы жырлар мен мінажаттардың көпшілігін атақты Дәуіт пайғамбар шығарған.
«Нақыл сөздерде» даналығы бүкіл әлемге мәлім Дәуіт ұлы Сүлеймен патша және басқа да ұлағатты ұстаздар келер ұрпақтарға арнап дана өмір сүру жайындағы нұсқауларын берген. «Уағыздаушы» жазбасында Сүлеймен өмір сүрудің терең мағынасын талқыласа, «Таңдаулы әндерінде» сүйіспеншілікке толы қарым-қатынасты әдемілеп суреттеп, дәріптейді.
Құдай Тағаланың ежелдегі ата-бабаларға ашып көрсеткендері бүгінгі замандағы біз үшін де назар аударып, тәлім алуға әбден тұрарлық дүниелер. Оларды жас кезінен жаттап алып, өмір бойы жол көрсеткіш пен сарқылмас рухани қазына ретінде қолданудың пайдасы орасан зор болмақ.