Таурат
Таурат сөзінің түпкі мағынасы тәлімді әрі заңды білдіреді. Киелі кітаптың осы бірінші бөлімі «Мұсаның кітабы» деп те аталады. Себебі көне мәлімет көздері бойынша Мұса пайғамбар оның басым көпшілігін біздің заманымыздан бұрынғы 15-ші ғасырда Құдайдың Киелі Рухының жетелеуімен жазып қалдырған.
Таурат бес үлкен жазбадан тұрады. Олардың біріншісі — «Жаратылыстың басталуы». Онда баяндалған тарихи оқиғалар мен шежірелер Мұсаның заманынан көп бұрын орын алған. Олар оған ұрпақтан ұрпаққа ауызша немесе қыш тақташаларға жазылған түрде жеткен болса керек. Сирия, Ливан және Исраил елдерінің мұражайларындағы археологиялық дүниелер жазу өнерінің сол өлкеде ежелгі заманда-ақ дамығанын дәлелдейді. Көптеген халықтар жаратылыс, топан су және көне дәуірде болған басқа да оқиғалар туралы кейбір мәліметтерді естерінде сақтап келген.
Таураттың кейінгі төрт жазбасында Ыбырайым атаның немересі Жақыптың үрім-бұтағы — Исраил халқының Мысырдағы езгіден азат етіліп, көшіп шығуы әрі Құдай өздеріне уәде еткен елге көшіп-қонып барған жолдары суреттелген. Сол заманда Хақ Тағала қоғамның азаматтық, әлеуметтік және рухани құрылымдарын қалыптастыру үшін Өзінің таңдап алған халқына Таурат заңы атты заңдар жиынтығын табыстады. Жаратқан Ие халыққа Өзіне ғибадат ететін орталық ретінде киелі кездесу шатырын құрғызды. Өйткені Құдай Тағала халқының арасында болып, олармен бірге тұрғысы келді. Сонымен қатар Ол құрбандық шалып, ұсыну тәртібін орнатып, халықтың Өзіне ғибадат еткеніне жетекшілік етуге леуілік діни қызметкерлер мен көмекшілерді тағайындады.
Алла Тағала исраилдіктерді олардың ең ізгі де әділ халық болғанына бола емес, қайта, бүкіл адамзатты олар арқылы жарылқау үшін таңдап алды (Жар 12:2; 18:18). Бұл жайтты ұғыну өте маңызды. Уәде етілген Құтқарушы Иса осы халықтың арасында дүниеге келуге тиіс болды. Ыбырайымға және оның үрім-бұтағына берілген барлық уәделердің мән-мағынасы Інжіл шарифте толықтай ашылған. Мәсіх Иса солардың бәрін жүзеге асыруымен күллі халықтардың адамдарына құтқарылу жолын ашты. Оған сенім артқандар Ыбырайым атаның рухани ұрпақтарына айналып, оған уәде етілген барлық жарылқауларға ортақ болады.
Тауратта және тұтастай Киелі кітапта адамдардың күнәлары мен пенделік кемшіліктері бүркеленбейді. Қайта, тіпті ең танымал болған пайғамбарлардың күнә жасаған кейбір жайттары туралы бүкпесіз, ашық баяндалған. Расында адамзаттың тарихында жалғыз Мәсіх Иса ғана мүлтіксіз таза әрі әділ адам болды. Тіпті ұлы пайғамбар Ыбырайым атаның өзі істеген ізгі істері арқылы емес, Құдай Тағалаға деген берік сенімі арқылы ақталды (Жар15:6; Рим 4:3).