Таңдаулы ән  7
Өтініш пен сұрақ
1
(Құрбылары:)
Айналшы, шуламдық, дөңгелеп би биле!
а
Саған қарап тұрайық біздер сүйсіне.


(Күйеу:)
Неге Маханайым биін билегендер
Арасындағы бұл шуламдыққа сендер
Сүйсіне қарауды сонша тілейсіңдер?
Күйеудің мақтау әні және өтініші
(Күйеу:)
2
Сандал киген аяғың қандай ажарлы,
Уа, ақсүйек әміршінің қызы!
Сенің қос саныңның сұлу пішіні
Зергер қалпын жасаған асыл тас секілді.
3
Кіндігің дәмді шарап құйылған тостағандай,
Белің лалагүл қоршап үйілген бидайдай.
4
Қос анарың екі елік тәрізді,
Киіктің егіз лағы секілді.
5
Уа, сүйіктім, сенің сымбатты мойның
Піл сүйегінен жасалған мұнарадай,
Қос жанарың Бат-Раббим қақпасының
Маңындағы Хешбон тоғандарындай,
Һәм мұрның Дамаскіге қарап тұрған
Ливан тауының әсем мұнарасындай.
6
Басың Қармил тауындай көтеріңкі,
Төгілген шашың сенің сондай көрікті,
ә
Бұйраларың патшаны баурап әкетеді!
7
Қандай сұлусың, қандай сүйкімдісің,
Сенен ләззат табам, сүйіктім менің!
8
Сен құрма ағашындай әдемісің,
Қос анарың шоғындай жемістердің.
9
Құрма ағашына өрмелеп шығайын,
Жемістері бар сабақтарын ұстайын,
Қос анарың болсын жүзім шоқтарындай,
Деміңнің иісі алма жұпарындай,
10
Әрі ауызың таңдаулы шараптай!
Жас келіннің шақыруы
(Жас келін:)
Сусын сүйіктіме тікелей төгілсін,
Ерін мен тіс арқылы ағатын болсын.
11
Мен өзіме ынтық сүйіктімдікімін.


12
Жүрші, сүйіктім, далаға барайық,
Кәне, ауылдарда түнеп шығайық.
13
Ерте тұрып, жүзімдіктерге барайық,
Жүзім бұталары бүршік жарды ма,
Олардың гүлдері ашылып қойды ма,
Анар ағаштары да гүлдеп тұр ма?
Соны көру үшін серуендейік бақтарда,
Махаббатымды сыйлаймын саған сонда.
14
Махаббат жемісінің
б
жұпары аңқуда.
Алуан түрлі керемет тағамдар
Біздің есігіміздің қасында бар:
Уа, сүйіктім, бұрынғы мен жаңалар,
Менен сен үшін сақтап қойылғандар.

а  Немесе: Қайтып келші, мінсіз қыз, қайтып кел!

ә  Яки: шашың (патшалар киетін) қою күлгін матадай әдемі (Дан 5:7).

б  Немесе: Махаббат отының (Жар 30:14).