Таңдаулы ән 6
Екінші сұрақ және қызық жауап
Уа, ең сұлуы бар әйелдердің,
Қай жаққа кетті сүйіктің сенің?
Оны өзіңмен бірге іздейік,
Ол қайда кеткен, соны білейік?!
(Жас келін:)
2
Сүйгенім түсті бақшасына өзінің,
Жүйектеріне жұпар шөптерінің,
Бау-бақшада серуендеп жүру үшін,
Жинамаққа өскен лалагүлдерін.
3
Мен өз сүйіктімдікімін лайым,
Ал сүйіктім де менікі әрдайым,
Серуендеп жүр арасында лалагүлдің.
Күйеудің сүйген жарының сұлулығына қайтадан таңырқауы
(Күйеу:)
4
Сүйгенім, сен Тирсадай әдемісің,
Иерусалим де іспетті көріктісің,
Ту көтерген әскердей сес көрсетесің.
5
Менен бұрып әкетші көздеріңді,
Толқытып жібереді олар мені.
Ғилақад тау беткейімен түсіп келген
Ешкі отарындай шашың төгілген.
6
Тоғытылған қой іспетті тістерің,
Жалғыз емес, сыңары бар бәрінің.
7
Бет пердеңмен жабылған самайларың
Қос бөлігі іспетті қызғылт анардың.
8
Алпыс патшайым, сексен кәнизак болсын,
Әрі сансыз көп қыздар да жиналсын,
9
Ал көгершінім, мінсізім, айрықша өзі,
Ол — шешесінің теңдесі жоқ жалғыз қызы,
Өзін туған анасының таңдаулысы!
Қыздар оны көргенде мадақтады,
Патшайымдар, кәнизактар да мақтады.
(Құрбылары:)
10
Бұл кім екен, айдай сұлу, таңдай атқан,
Күндей нұрын шашып, ту көтеріп тұрған
Әскерге ұқсап сес көрсетіп жатқан?
Ынтықтық және қуаныш
(Жас келін:)
11
Жаңғақ ағашының тоғайына бардым,
Аңғардың көгорай шалғынын қарадым.
Жүзім бұталары бүршік жарды ма,
Анар ағаштары гүлдей бастады ма,
Соны біліп келуге шықтым далаға.
12
Мен соны аңғармай тұрғанда әлі де
Отырдым сүйікті патшамның күймесіне.