Таңдаулы ән  4
Сұлулық пен ынтықтық
1
(Күйеу жігіт:)
Неткен сұлу едің, сүйіктім менің!
Қандай көріктісің, қымбаттым, өзің!
Бет пердеңнің артындағы бота көзің
Тартымды-ау көзіндей көгершіннің!
Ғилақад тау беткейімен түсіп келген
Ешкі отарындай шашың төгілген.
а
2
Тістерің отарындай саулықтардың,
Жаңа қырқып, таза жуып шығарған,
Кемістік табылмас араларынан,
Бәрі де бір-біріне дәл қиысқан.
3
Ал қызыл жіп секілді еріндерің,
Қандай сұлу еді ауызың сенің!
Бет пердеңмен жабылған самайларың
Қос бөлігі іспетті қызғылт анардың.
4
Мойның сенің сымбатты Дәуіт патшаның
Сәулетті салынған мұнарасындай, соның
Қабырғалары әсем әшекейленген
Дәуіттің мың батырының қалқандарымен.
5
Лалагүлдер арасында жайылып жүрген
Егіз елікке қос анарың ұқсас екен.
6
Таң атып, көлеңке қысқара түскенше,
Мүр шайыры бар тауға көтерілейінші,
Жұпар шайыр төбесінде
ә
жүрейінші!
7
Қымбаттым, сен тұтастай әдемісің,
Жоқ тұла бойыңда ешқандай мінің!


8
Ливан тауынан менімен бірге келгін,
Амана шыңынан, қалыңдығым менің,
Заңғар бастарынан Хермон, Сенірдің,
б
Арыстан тыншып жатқан үңгірлерінен,
Барыс білдіртпей жүрген төбелерінен.


9
Жүрегімді тартып алдың, қарындасым,
Бір-ақ көзқарасыңмен,
в
уа, қалыңдығым,
Бір ғана асыл тасымен алқаңның!
10
Қандай тәтті сенің махаббатың,
Уа, қымбаттым, сүйген қалыңдығым!
Ол шараптан әлдеқайда артық екен,
Хош иісің сенің артық дәмдеуіштен.
11
Қалыңдығым, балдай тәтті еріндерің,
Бал мен сүттей тәтті асты тіліңнің!
Хош иісі киімдеріңнің сенің
Жұпарындай Ливандағы самырсынның.
12
Уа, қымбаттым, сен жабық бақшадайсың,
Қалыңдығым, қоршалған бұлақтайсың,
Мөрленіп бекітілген қайнардайсың.
г
13
Жемісі тәтті анар бақшасындай
Өз өскіндерің, һәм нард пен қынадай.
14
Нард пен запыран, шайыр мен дәмқабықтың,
Хош иісті таңдаулы ағаштардың,
Мүр мен алоэдей дәмдеуіштердің
Жұпары аңқып тұр бақшаңнан сенің.
15
Бау-бақшадағы қайнарға ұқсайсың,
Ливан тауынан ағып жатқан судайсың.
Өтініштің ләззатпен іске асуы
(Жас келін:)
16
Көтерілші, самал желім, солтүстіктен,
Сондай-ақ, жылы желім, оңтүстіктен,
Өзімнің бақшама соғып келсеңші,
Жұпарларын оның тарата берсеңші!
Сүйген жарым өз бақшасына келсін,
Тәтті жемістерінен таңдап жесін!



а  Жайылымы шүйгін Ғилақад тауындағы ешкілер қара түсті әрі күйлі болатын (6:5; Мих 7:14).

ә  Немесе: Хош иісті заты мол төбеде.

б  Заң 3:9; Еш 12:1.

в  6:5.

г  7:3; Нқл 5:15-20.