Таңдаулы ән  3
Қалыңдықтың күйеу жігітті іздеп табуы
1
(Қалыңдық:)
Түні бойы мен төсек-орнымнан
Ғашығымды тосып, таба алмағам.
2
Кәне, мен тұрып, аралайын
Қаланың көше, алаңдарын!
Бірақ таба алмадым сандалғанмен,
Көп іздеп бекер жүрдім мен.
3
Қарауылдар маған тап болды,
Аралап жүрді олар қаланы.
«Көрдіңіздер ме жан досымды?»
Деп сұрап іздедім сүйген жарымды.
4
Мезгілде қастарынан сәл-ақ өткен
Кездестірдім жарымды жаным сүйген!
Оны ұстап алып жібермедім,
Анашымның үйіне алып келдім,
Өз шешемнің бөлмесіне кіргіздім.


5
Иерусалим қыздары, сендерге жалынамын,
Елік пен бұғының аттарын атаймын:
Махаббатты қоздырып оятпаңдар, жетілсін
Өзіне ұнаған дәл мезгіліне дейін!
а


(Құрбылары:)
6
Даладан өрлеп келе жатқан бұл кім екен,
Түтін бағанындай, мүрдей жұпар затпенен,
Саудагердің алуан дәмдеуіш ұнтақтарымен?
ә
Үйлену тойындағы ән
(Құрбылары:)
7
Мұнда қара, өз күймесінде Сүлеймен
Келе жатыр алпыс мықты жігітімен,
Исраилдің таңдаулы ерлерімен!
8
Семсері белінде асынған бәрінің,
Шайқаста көрсеткен өз ерліктерін,
Бұл жігіттер түнгі қауіп-қатерге дайын.


9
Құнды ағашынан Ливан тау-төбесінің
Жасатыпты Сүлеймен патша өз күймесін,
10
Оның бағандарын күміспен жалатқан,
Һәм оның негізін алтыннан жасатқан,
Отырғышын қырмызы матамен қаптатқан.
Күйменің ішін Иерусалимнің қыздары
Бар ықыласпен безендіріп дайындады.


(Қалыңдық:)
11
Уа, сиондық қыздар, шығыңдар, кәне,
Қараңдар Сүлеймен патшаның тәжіне:
Оған анасы кигізген тәжіне
Оның неке қиған осы күнінде,
Жүрегі шаттыққа кенелген кезінде!

а  2:7; 8:4.

ә  Даладан өрлеп келе жатқан адам — қалыңдық. Мүр: 1:12. Жұпар зат: яки: түтетілетін хош иісті зат (Мыс 30:34). Дәмдеуіш ұнтақтары: мыс., дәмқабық (Мыс 30:23).