Рут 2
Руттың мейірімді қайнағасымен кездесуі
1
Нағиманың марқұм күйеуі Елімәліктің Боғоз есімді аталас туысы бар еді. Боғоз абыройлы да ауқатты кісі болатын.
2
Бір күні моабтық Рут Нағимаға:
— Мен егіндікке барайын. Қайырымды біреу кездесіп қалар, соның артынан жүріп, масақ терейін, — деді.
— Жақсы, қызым, бара ғой, — деп енесі келісті.
3
Рут егістікке барып, орақшылардың соңынан жүріп, жинағанда қалып қойған масақтарды тере бастады. Бұл жер танабы Елімәліктің туысы Боғоздың меншігі болып шықты.
4
Сол кезде Бетлехемнен Боғоз да келіп, орақшыларымен:
— Ассалаумағалайкүм! — деп амандасып, олар:
— Уағалайкүмассалам! — деп жауап қайырды.
5
Боғоз олардың басқарушысынан:
— Мынау кімнің қызы? — деп сұрағанда,
6
ол:
— Бұл — Моаб елінен Нағимаға еріп келген моабтық жас келіншек.
7
Ол орақшылардың артынан жүріп, баулардың арасынан түсіп қалған масақтарды теруге рұқсат сұрады. Таң атқаннан бері еңбектеніп жүр, күркеде аз-ақ демалды, — деп жауап берді.
8
Содан Боғоз Рутқа тіл қатып:
— Қызым, сөзіме құлақ сал. Басқаның егістігіне масақ теруге бармай-ақ қой. Осында менің қызметші қыздарымның қасында жүріп, тере бер.
9
Қай жақта орып жатқандарын байқап жүріп, қыздардың соңынан ер. Мен қызметші жігіттеріме саған тиіспеуге бұйырдым. Шөлдегенде барып, олар толтырып қойған құмыралардан су іше бер, — деді.
10
Таңғалған Рут:
— Қалайша сіз жат жерлік маған сондай қайырымдылықпен қарайсыз? — деп, Боғозға иіліп тағзым етті.
11
— Сенің күйеуің өлгеннен кейін енеңе қалай көмектескеніңді, әке-шешеңді, еліңді тастап, бұрын білмеген халық арасына көшіп келіп, бірге тұрып жатқаныңды мен түгелдей естіп білдім.
12
Осы істеген жақсылықтарың Жаратқан Иеден қайтсын! Сен Исраил сиынатын Құдай — Жаратқан Иенің қанаты астынан пана іздеп келдің. Ол сені молынан жарылқасын! —
13
Сонда Рут:
— Мырзам, маған әрдайым оң көзіңізбен қарасаңыз екен. Сіз жылы сөзіңізбен жүрегіме жігер құйдыңыз. Ал мен ең болмағанда күңдеріңіздің бірі де емеспін, — деді.
14
Түскі тамақ кезінде Боғоз:
— Мұнда кел. Нанымыздан ауыз тиіп, сусынымызға батырып же, — деп Рутты шақырды. Ол орақшылардың қасына отырғанда, Боғоз оған қуырылған арпадан берді. Рут тойғанша жеп, артылып та қалды.
15
Содан кейін тұрып, жұмысына оралды.
Ал Боғоз қызметшілеріне былай деп айтып қойған еді:
— Рут жаңа орылған масақтардың арасынан да тере берсін, оны ренжітпеңдер!
16
Қайта, жинап алсын деп, байлайтын масақтарыңнан әдейі тастап та кетіңдер. Қалай болғанда да оған ұрыспаңдар!
17
Рут осылай кешке дейін масақ терді. Соңында ол жинағанын бастырып, желге ұшырып қауызынан тазартқанда, бір үлкен себетке сыярдай арпа шықты.
18
Келіні арпаны қалаға алып барып, енесіне көрсетті. Оған түскі астан артылып қалған тамағын да алып келді.
19
— Өй, бүгін қайдан масақ тердің? Қайда жұмыс істедің? Саған оң көзімен қараған адамды Құдай жарылқасын! — деп енесі таңғалды. Рут оған:
— Бүгін Боғоз деген адамның егістігінде жұмыс істедім, — деп білдіргенде,
20
енесі:
— Тірілер мен өлгендерге қайырымын аямаған сол адамды Жаратқан Ие жарылқасын! — деді. Содан соң: — Боғоз — жақын қайындарымыздың біреуі. Ол бізге (Таурат заңына сәйкес) туысқан қамқоршы бола алады, — деп қосты.
21
— Әлгі кісі маған егіні орылып біткенше қызметшілерінің соңынан жүріп, теруіме де рұқсат етті, — деді Рут.
22
Сонда Нағима:
— Қызым, сол адамның қызметші қыздарымен бірге жүргенің жақсы болады. Бөтен егісте саған біреулердің тиісуі де мүмкін, — деп келісті.
23
Сонымен Рут енесінің қолында тұрып, арпа мен бидайдың ору мерзімі біткенше Боғоздың қызметші қыздарының қасында жүріп, масақ тере берді.