Римдіктерге хат 3
Құдайдың берген уәдесіне адалдығы
1
«Олай болса, яһуди болудың артықшылығы не? Сүндеттелудің пайдасы қандай?» (деп сұрауларың мүмкін.)
2
Әрине, яһудилердің қай жағынан болса да артықшылықтары бар. Ең алдымен, Құдайдың сөзі ата-бабаларымызға сеніп тапсырылды.
3
Рас, олардың біразы Құдайға адал болған жоқ.
«Ал олардың адал болмағандығы Құдайдың өз уәдесіне деген адалдығын жоя ма?»
4
Жоқ, мүлдем олай емес! Керісінше, адамдардың барлығы бірдей өтірікші болса да, Құдай берген сөзінен таймайды. Бұл туралы Забурда мынадай сөздер жазылған: Осылай айтқандарыңның әділ екені көрінеді, Сен айыпталғанда жеңімпаз болып шығасың.
5
«Егер біздің әділетсіздігіміз арқылы Құдайдың әділдігі айқындала түссе, не деуіміз қажет? Онда Құдай бізге қаһарын төккенде әділетсіз болып шықпай ма?» — Мұны адамдық тұрғыдан айтып отырмын. —
6
Жоқ, мүлдем олай емес! Құдай әділетсіз болса, қалайша әлемді Соттаушы бола алар еді?
7
«Егер мен әділетсіздік жасаған сайын Құдайдың адалдығы мадақталып, Оның даңқы артатын болса, онда неге мен әлі де күнәкар деп айыпталамын?» (деп қайсыбіреудің айтуы да мүмкін.)
8
Әлде «Жақсылық шықсын деп жамандық істей берейік» деуге бола ма? Жоқ, болмайды! Ал кейбіреулер бізді осылай тәлім берді деп жала жауып жүр. Олар Тәңірдің үкіміне лайық!
Құдай алдында ешкім де өздігінен әділ емес
9
«Сонымен қалай болды? Басқалардың алдында (яһуди халқынан шыққан) біздердің артықшылығымыз бар ма?» Жоқ, ешқандай! Яһудилер де, басқа ұлттың адамдары да бірі қалмай күнәнің билігінде екенін жоғарыда дәлелдедік.
10
Киелі жазбаларда бұл туралы мына тәрізді сөздер бар: Бірде-бір әділ кісі жоқ,
11
ақылды ешкім де жоқ, Құдайға бет бұратын да жоқ.
12
Бәрі тайып кетті теріс жолға, әбден бұзылып кетті бірігіп барлығы да. Жақсылық жасаушы ешкім жоқ, тіпті бір жан да.
13
Арандары олардың көрдей ашық, майда тілдерімен айтады жалғандық. Сұр жыланның уы тілдерінен тамады.
14
Ауызынан шыққандар: қарғыс, өтірік, жалғандық.
15
Аяқтары жазықсыз қан төгуге асығады.
16
Олар жүрген жерлерін қиратып, азап шеккізеді.
17
Татулық дегенді олар білмейді.
18
Құдайды қастерлейтін ниеттері жоқ.
19
Ал Таурат заңының күллі ережелері оған бағынышты адамдар үшін күшінде екенін білеміз. Сондықтан (басқа ұлттардың да, яһуди халқының да) барлық адамдары ешбір сылтау таппай, үндері өшеді. Осылай бүкіл адамзат та Құдай алдында күнәлі болып, сотталатын болады.
20
Себебі Таурат заңын орындау арқылы бірде-бір адам Құдай алдында ақтала алмайды. Керісінше, сол заң адамның күнәлі екенін әшкерелейді.
Құдайдың адамдарды ақтау жолы
21
Ал енді Құдайдың адамдарды ақтау жолы көрсетілді. Бұл жолға заңды ұстанудың қатысы жоқ. Ол туралы Таурат пен Пайғамбарлар жазбалары білдірген еді.
22
Құдай яһуди және басқа ұлт адамдарының бәрін де Иса Мәсіхке деген сенімдері арқылы ақтайды. Себебі бұл жерде ешқандай айырмашылық жоқ:
23
бәрі де күнә жасап, Құдайдың өздеріне белгілеген ұлылығынан құр алақан қалды.
24
Бірақ олар Құдайдың рақымымен Мәсіхтің бұлардың төлемдерін төлеп, құтқарғанының арқасында тегін ақтала алады.
25
Құдай Мәсіхті күнәлардың құнын өтеуші құрбандық етіп көрсетті: Соның қаны төгіліп құрбан болғандығына сенгендерді Құдай кешіреді. Құдайдың әділдігі осы арқылы айқын көрінеді. Себебі Ол бұрыннан бері шыдамдылық көрсетіп, адамдарға күнәларына лайықты жазаларын дереу тартқызбай жүрген еді.
26
Ал қазіргі заманда Ол Өзінің әділдігін осылай дәлелдейді: Құдай әділ, Ол Исаға сенуші әркімді ақтап алады.
27
«Ал енді, мақтануымызға бола ма?» Мақтанатын түгіміз жоқ. «Не себептен бұлай? Игі істер жасау арқылы ақтала аламыз ба?» Жоқ, сену арқылы ғана ақтала аламыз.
28
Сонымен біз адам заң бойынша жасаған игі істері арқылы емес, сенімі арқылы ғана ақталады деген қорытындыға келеміз.
29
«Әлде Құдай тек яһудилердің Құдайы болып, басқа ұлттарды қабылдамай ма?» Әрине, қабылдайды, Ол басқа ұлттардың да Құдайы ғой!
30
Себебі жалғыз бір-ақ Құдай бар. Ол сүндеттелген яһудилерді де, сүндеттелмеген халықтарды да сенімдері арқылы ақтап алады.
31
Біз «адамдар сенім арқылы ақталады» деп, Құдайдың заңын күшінен айырамыз ба? Жоқ, мүлдем олай емес! Керісінше, біз Құдайдың заңының күшін нығайтамыз.