Римдіктерге хат 12
Өмірлеріңді Құдайға бағыштаңдар
1
Сонымен, бауырластарым, бізге осындай мол мейірімін төккені үшін өздеріңді Құдай жолына арнауға шақырамын. Өмірлерің Құдайға ұнамды, толықтай бағышталған, тірі құрбандықтай болсын: Оған лайықты рухани қызмет көрсетулерің осы болады.
2
Бұл күнәкар дүниенің өмір сүру салтын үлгі етпеңдер, қайта, ой-тілектерің Құдайдың жаңартуымен түбегейлі өзгерсін! Осылай сендер Оның еркін — ненің игілікті, ұнамды және кемелді екенін ажырата білетін боласыңдар.
Киелі Рух қауымға беретін дарындар
3
Иеміз маған берген рақымға сүйене отырып, әрбіреуіңе айтамын: өздерің туралы тиістісінен артық ойламаңдар! Қайта, Құдайдан сенім арқылы әрқайсыңның үлестеріңе қандай рухани дарындар тигенін ойлай отырып, өздеріңді саналы түрде бағалаңдар.
4
Денеміздің мүшелерінің көп, әрі олардың атқаратын қызметтерінің әр түрлі екеніндей,
5
біз бәріміз де көптігімізге қарамастан Мәсіхтің рухани денесіміз, осылай өзара байланысқан мүшелеріміз.
6
Құдайдың рақымымен әрқайсымыз ерекше рухани дарындарды қабыл алдық: сенің пайғамбарлық сөз сөйлеу дарының болса, хабардың Құдайдан келгендігіне деген сеніміңе сай оны жеткіз.
7
Сыбағаңа қызмет ету тиген болса, соныңды атқар, рухани тәлім беру дарының болса, оны қолдана бер.
8
Кімде жігерлендіруші дарын болса, сонысын орындай берсін, мұқтаждарға жәрдем үлестіруші де онысын ақпейілмен атқарсын. Жетекшілік етіп жүргендер шынайы еңбекқорлық көрсетсін және қайырымдылық жасайтындар оны қуанышпен істесін.
Киелі Рухтың күш-қуатына кенелген қауымның өмірі
9
Сүйіспеншіліктерің адал болуы керек. Жамандықты жек көріп, жақсылықты берік ұстаныңдар.
10
Бір-біріңді бауырлардай сүйіп, өз бастарыңнан артық сыйлаңдар.
11
Лайым жақсылыққа деген талпыныстарың бәсеңдемесін; Иеміздің қызметінде жүріп, рухтарың жалындай берсін!
12
Әрдайым үміттеніп қуаныңдар, қиыншылыққа шыдап, Құдайға ұдайы сиыныңдар.
13
Оның мұқтаждыққа душар болған адамдарына көмектесіп, ынтамен қонақжайлылық танытыңдар!
14
Өздеріңді қудалағандарға Құдайдан жақсылық тілеңдер, оларды қарғамай, ақ баталарыңды беріңдер!
15
Қуанғандардың қуанышына, қайғыланғандардың қайғысына ортақтасыңдар!
16
Өзара ынтымақтас болыңдар; өркөкірек емес, кішіпейіл болып, өздеріңді басқалардан ақылды санамаңдар!
17
Жамандыққа жамандықпен қайтармаңдар! Іс-әрекеттеріңнің жұрт алдында ізгі болуына тырысыңдар.
18
Қолдарыңнан келгенше, барлық адамдармен тату болыңдар.
19
Сүйікті бауырластарым, кек алмаңдар, соны Құдайдың қаһарына қалдырыңдар! Тауратта мынадай сөздер жазылған ғой: Жазалау — Менің ісім, тиісті жазаларын тартқызамын Өзім! — дейді Иеміз.
20
Ал «жауың сенің аш болса тамақтандыр,
Егер де шөлдесе шөлін қандыр!
Мұныңменен сен басына оның
Қызып тұрған шоқ жиғандай боласың».
21
Осылайша жамандықтан жеңілмей, оны жақсылықпен жеңіп шық!