Аян 7
Құдайдың өз халқын таңбалап, ерекше қамқорлыққа алуы
1
Мұнан кейін мен дүниенің төрт бұрышында тұрып, жер бетіне, теңізге және ағаштарға ешқандай жел соға алмастай етіп жердің төрт желін тұсаулап ұстаған төрт періштені көрдім.
2
Сол кезде күншығыстан келе жатқан, қолында мәңгі тірі Құдайдың мөрі бар басқа бір періштені де көрдім. Ол Құдайдан жер мен теңізге зақым келтіру билігін алған төрт періштеге қатты дауыспен айқайлап:
3
«Біз Құдайымыздың қызметшілерінің маңдайына таңба салып болмайынша, жер бетіне, теңізге және ағаштарға ешбір зақым келтірмеңдер!» — деп бұйырды.
4
Мен маңдайларына Құдайдың таңбасы салынғандардың саны жүз қырық төрт мың екенін естідім; олар Исраилдің барлық руларынан еді.
5-8
Әрбір рудан, яғни Яһуда, Рубен, Ғад, Ашир, Нафталим, Манаса, Шимон, Леуі, Исашар, Забулон, Жүсіп және Бунямин руларынан он екі мыңнан адамға таңба салынды.
Құдай алдында ақталғандардың орасан зор жиыны
9
Содан соң қарасам, сансыз көп адамдардың ғаламат жиынын көрдім. Олар әрбір ұлт, ру, халық және тілден шығып, тақ пен Тоқтының алдында ақ шапан киіп, қолдарына пальма бұтақшаларын ұстап тұр екен.
10
Жиналғандар қатты дауыспен былай деп мақтау айтты:
— Құтқарылу тақта отырған Құдайымыз бен Тоқтының билігінде!
11
Барлық періштелер де, ақсақалдар мен төрт нөкер де тақты айналдыра тұрды. Олар тақтың алдында жерге бас ұра жығылып Құдайды былай деп даңқтады:
12
— Аумин. Дәріптеу, ұлылық және даналық,
Шүкірлік, құрмет, құдірет пен билік
Біздің Құдайға арналған мәңгілік!
Аумин.
13
Мұнан кейін ақсақалдардың бірі маған:
— Ақ шапан киген мына адамдар кімдер, олар қайдан келді? — деген сұрақ қойды.
14
— Мырзам, өзіңіз білесіз ғой, — деп жауап бердім. Ол маған былай деп түсіндірді:
— Бұлар — зор қудалану кезеңінен өткендер. Олар шапандарын Тоқтының төгілген қанымен «жуып» аппақ қылды.
15
Сондықтан олар Құдайдың тағының алдында тұрып, Оған күні-түні киелі үйінде қызмет етеді. Тақта отырған Құдай олардың арасында бірге тұрып, баспана болады.
16
Енді ешқашан да соларды аштық пен шөл азабы қинамайды, күннің аптабы да күйдірмейді.
17
Себебі тақтың ортасындағы Тоқты олардың Бағушысы болып, «тірі судың» бұлақтарына жетелейді. Құдай солардың барлық көз жастарын сүртіп тастап жұбатады.