Аян  6
Ақырзаман туралы құжатты бекіткен мөрлердің ашылуы
1
Содан кейін мен «Тоқтының» жеті мөрдің біріншісін сындырып ашқанын көрдім. Сол кезде төрт нөкердің біреуінің күннің күркіріндей қатты дауыспен: «Аттан!»
а
— деп шақырғанын естідім.
2
Қарап қалсам, алдымда ақ боз ат
ә
тұр екен. Ат үстіндегі қолына садақ ұстап, басына жеңімпаздың тәжін киіп алыпты. Ол өзінің өктемдігін орнату үшін елдерді жаулап алуға
б
аттанды.
3
Тоқты екінші мөрді сындырып ашқанда, екінші нөкердің де: «Аттан!» — деп шақырғанын естідім.
4
Сонда оттай қызыл ат шықты. Оған мінгенге адамдар бірін-бірі қырулары үшін жер бетіндегі бейбітшілікті жою билігі беріліп, үлкен семсер табыс етілді.
5
Тоқты үшінші мөрді сындырып ашқанда, үшінші нөкердің де: «Аттан!» — деп шақырғанын естідім. Қарасам, алдымда қара ат тұр екен. Үстіндегі салт атты қолына таразы ұстапты.
6
Сонда мен нөкерлер жағынан шыққан: «Бір күндік еңбекақыға тек бір қадақ
в
бидай немесе үш қадақ арпа ғана берілмек, ал зәйтүн майы мен шарапты бүлдірме!»
г
— деген дауысты естідім.
7
Тоқты төртінші мөрді сындырып ашқанда, мен төртінші нөкердің де: «Аттан!» — деп шақырғанын естідім.
8
Қарасам, алдымда сұп-сұр қуқыл
ғ
ат тұр екен. Оған мінгеннің есімі «Өлім», ал соңынан «О дүние» делінгені еріпті. Осы екеуіне жердің төрттен бір бөлігіне өктемдік құрып, семсер, ашаршылық, індет және жыртқыш аңдар арқылы құрту билігі берілді.
9
Тоқты бесінші мөрді сындырып ашқанда, мен құрбандық үстелінің астыңғы жағынан Құдайдың хабарын жариялап, сенімдеріне адал қалғандары үшін шейіт болғандардың жандарын көрдім.
10
Олар қатты дауыспен:
— Уа, киелі де шынайы
д
Билеуші! Қашанғы Сен жер бетіндегі адамдарды соттамай, төккен қанымыздың құнын талап етпей жүресің?» — деген сұрақ қойды.
11
Олардың әрбіреуіне (ақталу белгісі ретінде) ақ шапан жабылып:
— Сендер сияқты шейіт болуға тиісті қызметтестерің мен бауырластарыңның саны толық болғанға дейін біраз уақыт тынышталып күте тұрыңдар,
е
— деген жауап берілді.
12
Тоқты алтыншы мөрді сындырып ашқанда қарасам, жер қатты сілкініп, күн қалың қара жамылғымен жабылғандай
ж
түнекке, ал ай түгелдей қан қызыл түске айналыпты!
13
Жұлдыздар қатты жел шайқағанда ағаш басынан құлап түсетін, әлі де піспеген інжір жемістеріне ұқсап жерге құлап түсті.
14
Аспан шиыршық кітап іспетті оралып ғайып болды, әрбір тау мен арал да өз орындарынан қозғала жөнелді.
15
Жердегі патшалар, ақсүйектер және байлар, қолбасылар мен күштілер және күллі құл-еріктілер үңгірлерге және таудағы құздардың арасына тығылып қалды.
16
Олар таулар мен құздарға жалбарынып:
з
Үстімізге құлап түсіп, бізді тақта Отырғанның көзінен таса қылып, Тоқтының қаһарынан жасыра көріңдер!
17
Олардың қаһарын шашатын күні жетті, енді кім соған төзе алады?!» — деді.

а  Яки: «Мұнда кел!»; немесе: «Кел де қара!» (Осы түсініктеме бұдан кейінгі 3,5,7-аяттарға да қатысты.)

ә  Жеңімпаз қолбасшылар әдетте ақ боз атқа мінетін.

б  Яки: Ол жеңу үшін жеңімпаз ретінде шықты. (Бұл — Мәсіхке қарсы тұрушыны немесе жаулап алушылықтың рухын бейнелейтін тұлға.) Бұдан кейін көрінген үш салт атты қантөгіс, ашаршылық және өлімді білдіреді.

в  Яки: хойникс (бір литрдей).

г  Ашаршылықтың салдарынан дақыл өнімдерінің бағалары он есе артты. Зәйтүн ағаштары мен жүзім бұталарының тамырлары терең болғандықтан, олар уақытша қуаңшылықтан зиян шекпеді.

ғ  Яғни түсі өлікке ұқсас.

д  3:7.

е  Құдай күллі адамдардың өкініп, теріс жолдан қайтуын қалағандықтан, өз адамдарын (көбінің қуғын-сүргінге ұшырап, кейбіреулерінің тіпті шейіт болатынына қарамастан) Ізгі хабарды жариялауға жіберуде (Мат 10:16).

ж  Яки: күн ешкі жүнінен тоқылған қалың қара матамен жабылғандай. (Сол заманда жұрт қайғырған кезінде сондай матадан жасалған киім киетін: Жар 37:34; Иш 50:3; Зәк 13:4.)

з  16 Немесе: таудағы шатқалдарға жасырынып, таулар мен шатқалдарға жалынып (Лұқ 23:30).