Аян 13
Теңізден шыққан (алғашқы) айуан
1
Бұдан кейін айдаһар теңіз жағасында тұрды. Сонда мен теңізден шығып келе жатқан бір айуанды көрдім. Оның он мүйізі мен жеті басы бар еді. Әрбір мүйізінде бір тәжден болды. Ал бастарында Құдайды қорлайтын атаулары жазылыпты.
2
Осы айуан қабыланға ұқсас, аяқтары аюдікіндей, ал аузы арыстанның аранындай болатын. Айдаһар оған өз күшін, тағын және зор бедел мен билікті тапсырды.
3-4
Айуанның бір басының өлімге шалынып жарақаттанғандай болғанын көрдім. Алайда ол ажалды жарақатынан сауығыпты! Бүкіл әлем осы ғажапқа қайран қалып, айуанның соңынан ілесті. Олар айуанға бедел мен билік берген айдаһарға бас ұрып табынды; сондай-ақ: «Айуанға тең келер кім бар? Онымен кім шайқаса алады?» — деп айуанға да құлшылық етті.
5
Айуанға өз ұлылығын марапаттап, Құдайды қорлайтын ауыз, әрі қырық екі ай бойы өз бетімен әрекет ету билігі берілді.
6
Ол аранын ашып, Құдайды, Оның есімін, киелі үйін және көкте мекендейтіндерді балағаттап қорлай бастады.
7
Оған Құдайға бағышталған халқымен күресіп, жеңіп шығатын күш, сондай-ақ әрбір ру, халық, тіл және ұлттың үстінен билік берілді.
8
Жер бетінде тұратын (күнәкар) адамзат түгелдей, яғни құрбандыққа шалынған Тоқтының Мәңгілік өмір кітабына әлем жаратылмас бұрын есімдері жазылғандардан басқасының бәрі де, оған құлшылық ететін болады.
9
Құлағы барлар жақсылап тыңдасын:
10
кімге тұтқындалу бұйырылса, сол тұтқындалады; кімге семсерден өлу бұйырылса, сол семсерден өлім табады. Мұнда Құдай халқының төзімділігі мен сенімділігі қажет болады.
Жерден шыққан (екінші) айуан
11
Содан кейін мен жерден шығып жатқан басқа бір айуанды көрдім. Оның Тоқтынікі сияқты қос мүйізі бар екен, бірақ ол айдаһарша сөйледі,
12
әрі алғашқы айуанға қызмет етіп, оның бүкіл билігін жүргізді. Екінші айуан күнәкар дүниені және онда өмір сүрушілердің бәрін ажалды жарақаты жазылған алғашқы айуанға құлшылық еткізіп,
13-14
зор кереметтер көрсетуге билікті болды: ол тіпті адамдардың көз алдында көктен жерге от түсірді. Алғашқы айуанның алдында жасаған осы кереметтері арқылы ол күнәкар адамзатты түгел алдап, азғырып теріс жолға салды. Оларға семсерден жарақаттанғанмен аман қалған алғашқы айуанның құрметіне мүсін жасауды тапсырды.
15
Екінші айуанға осы мүсінге өз рухын енгізетін күш-қуат берілді. Осылайша мүсін тіпті сөйлеп, өзіне табынбайтындардың бәрін өлтірте алатын болды.
16
Айуан барлық адамдарды: үлкенді-кішілі, бай-кедей, құл-еріктіні не оң қолын, не маңдайын таңбалауға мәжбүр етті.
17
Осы таңбасы жоқтар еш нәрсені сатып ала да алмайды, сата да алмайды. Ол таңба — алғашқы айуанның есімі яки есімінің саны.
18
Бұл парасаттылықты талап етеді. Зерек адамдар айуан есімінің санын есептеп шығарсын. Себебі осы сан бір адамның атын білдіреді: ол сан — алты жүз алпыс алты.