Забур жырлары  85
Озбырлық көрген адамның мінажаты
1
(Дәуіттің мінажаты.)


Уа, Жаратқан, жарлымын, зәрумін көмегіңе,
Құлақ тосып, жауап берші өтінішіме.
2
Құдайым, қорғай гөр жанымды Саған арналған,
Құтқара гөр құлыңды Өзіңе сенім артқан.
3
Рақымыңды түсіре гөр, уа, Жаратқан Ием,
Күнде Саған үздіксіз сиына берем.
4
О, Жаратқан, жадырата гөр пендеңнің жанын,
Себебі бір Өзіңе сенімімді артамын.


5
Уа, Ием, Өзіңе сиынғанның барлығына
Кешірімді де ізгісің, шексіз рақымды да.
6
О, Жаратқан, мінажатыма құлақ сала гөр,
Жалбарынған дауысыма көңіліңді бөле гөр.
7
Тек Өзіңе сиынамын күн туғанда басыма,
Өйткені жауап бересің Сен мінажатыма.


8
Уа, Ием, ұлттардың табынатын тәңірлері
Арасында жоқ Сендей бірде-біреуі!
Сенің жасаған кереметтерің іспетті
Жоқ басқа ешкімнің де ғажайып істері.
9
Өзің жаратқан күллі ұлттар алдыңа келеді,
Есіміңді ардақтап бастарын иеді.
10
Себебі Сен ұлысың, ғажап істер жасайсың,
Уа, Жаратқан Ие, жалғыз Өзің Құдайсың!
а


11
О, Жаратқан, ақ жолыңа бағыттай гөр мені,
Өзіңнің шындығыңа сәйкес жүргім келеді,
Тек Сені ардақтауға нығайтшы жүрегімді.
12
Уа, Құдай Ием, Өзіңді шын жүректен мақтаймын,
Әрі Сенің есіміңді мәңгі бақи даңқтаймын.
13
Сондай зор Сенің маған түсірген шапағатың,
О дүниенің тұңғиығынан аман сақтадың!


14
Тәкаппар жандар маған қарсы бас көтереді,
Қатыгездер тобы мені құртқысы келеді,
Олар Саған мойынсұнып, менсінбейді.
15
Ал Сен рақымды да қайырымды Құдайсың,
Уа, Ием, Сен тез қаһарланбайсың,
ә
Шексіз Сенің мейірімің мен адалдығың.


16
Маған көз қырыңды салып рақым ете көрші,
Қызметшіңмін, нығайтып, аман сақтай көрші,
17
Маған ізгілікпен қарайтыныңды көрсетші!
Уа, Жаратқан, жауларым соны көріп, ұялсын,
Өйткені Өзің маған демеу болып, жұбаттың.

а  Заң 6:4; Иш 43:10.

ә  144:8; Мыс 34:6.