Забур жырлары 83
Құдайдың киелі үйін аңсау
1
(Ән-күйдің жетекшісіне арналған, ғаттық жетігеннің сүйемелдеуімен айтылатын Қорах ұрпақтарының жыры.)
2
Өзіңнің тұрағың жер бетіндегі
Қандай сүйкімді, уа, Әлемнің Иесі!
3
Жан дүнием Жаратқанның киелі үйіндегі
Аулаларына баруды аңсап, әлсірейді,
Мәңгі тірі Құдайға жан-тәнім әндетеді.
4
Тіпті торғай да қонатын жерін тауып алды,
Қарлығаш балапандарын басуға ұя салды:
Маңайында Сенің құрбандық үстелдеріңнің,
Уа, Әлемнің Иесі, Патшам, Құдайым менің!
5
Киелі үйіңде тұратындар сондай бақытты,
Әрқашан да олар Саған мақтау айтады!
6
Сенің күшіңе кенеле берген, ой-ниеті
Өзіңе бағытталған жандар қандай бақытты!
7
Жылау аңғарымен жүріп су көздерін ашады,
Содан күзгі жаңбыр жауғандай жер жарылқанады.
8
Олар жол жүргенде күш-қуаты өсе береді,
Ақыры Сионда Құдайдың алдына келеді.
9
Уа, Жаратушы Құдай, Әлемнің Иесі,
Өзіңе арнаған дұғамды ести көрші,
Жақып сиынған Құдай, құлақ түре көрші.
10
Уа, Құдай, біздің қорғаушымыз, көңіл бөле гөр,
Таңдап алған патшаңа көз қырыңды сала гөр.
11
Бір-ақ күн болғаным киелі үйіңнің ауласында
Мың күннен жақсы өткізген өзге орында.
Мен қақпасында тұруды Құдайымның үйінде
Артық көрем жайлы өмірден сұмдардың үйінде.
12
Себебі Құдай Ие күн мен қалқанға ұқсайды,
Жаратқан Ием рақым мен ұлылық сыйлайды,
Ол тура жолменен жүретін адамдарды
Сыйлайтын игіліктерінен құр қалдырмайды.
13
Уа, әлемнің құдіретті Иесі — Жаратқан,
Қандай бақытты Өзіңе сенім артқан жан!