Забур жырлары 82
Құдайдан мықты жаулардан құтқаруын сұрау
1
(Асаф сөзін жазған ән әрі жыр.)
2
Уа, Құдайым, үндемей қала берме,
Тіл қатпастан тып-тыныш бола көрме,
3
Себебі жауларың у-шу көтеруде,
Сені жек көретіндер өркөкіректенуде.
4
Халқыңа қарсы олар сұмдық ойласуда,
Өзіңе қымбат жандарға қарсы ақылдасуда:
5
«Кәне, құртайық оларды ұлттар арасынан,
Исраил аталмасын енді қайтып ешқашан».
6
Бірауыздан олар сөз байласып
Жатыр, Саған қарсы одақ құрып:
7
Шатырларда тұрған едомдықтар,
Ысмағұлдық, моабтық, ажарлықтар,
8
Гебалдық, аммондық, амалектіктер,
Тирдің тұрғындары мен філістірлер.
9
Ассурдың халқы да оларға қосылды,
Луттың ұрпақтарына қолдаушы болды. //
10
Сен ежелде Мадиян тайпасына,
Сисара мен Ябинге Қишон аңғарында
Істегеніңдей істеші жауларымызға!
11
Сол байырғылар Ендорда талқандалды,
Төгілген қи-қоқыстай жерге тапталды.
12
Істеші жаулардың әміршілеріне
Ежелде істегеніңдей Ориб пен Зипке,
Істеші олардың бар көсемдеріне,
Өзің істегеніңдей Салман мен Зебейге,
Өйткені жау былай деді біз жөнінде:
13
«Құдайдың мекендерін иемденейік,
Жайылымдарын қолға түсірейік!» //
14
Зұлымдарды етші құйын соққан тозаңдай,
О, Құдайым, жел ұшырған сабандай
15
Әрі от жалмап қойған ормандай,
Жалын күйреткен қырат басындай.
16
Дұшпанды қуып шықшы елден құйыныңмен,
Дүрбелеңге түсірші Өзіңнің дауылыңмен,
17
Уа, Жаратқан жауды қара бет қылып масқарала,
Олар Саған бұрылып, сиынсын атыңа. //
18
Ал қыңырлары лайым қысылып абыржысын,
Олар қорланып, ақырында өлім құшсын,
19
Жаратқан Ие деп аталған жалғыз Сенің
Бүкіл жер бетіне билік жүргізетін
Хақ Тағала екеніңді барлығы білсін!