Забур жырлары 81
Әділетсіз билерге сот жүргізуші — Хақ Тағала
Құдай үлкен мәжілісін басқарады,
Сонда Ол билерге үкім шығарады:
2
«Қашанғы әділетсіз үкім айтпақсыңдар,
Зұлымдарға оң қабақ танытпақсыңдар? //
3
Жарлы мен жетімнің мүддесін қорғаңдар,
Бейшара кедейге әділдік жасаңдар!
4
Шарасыз бен мұқтажды құтқарыңдар,
Зұлымның шеңгелінен оны босатыңдар!»
5
Ештеңе ұқпастан, ештеңе білместен,
Қанаушылары түнекте жүріп келген,
Содан елдің бар негізі дірілдеген!
6
Былай деген едім: «Сендер құдайсыңдар,
Бәрің Хақ Тағаланың рухани ұлысыңдар,
7
Дегенмен жай пендедей құрисыңдар,
Әрі әміршідей қаза табасыңдар».
8
Уа, Құдай, көтеріліп, жерді сотташы,
Сен иемденесің ғой бар халықтарды!