Забур жырлары  77
Құтқарушы Құдайға табанды мойынсұнуға шақыру
1
(Асафтың насихат жыры.)


Уа, халқым, тәліміме көңіл бөлші,
Айтатын сөздеріме құлақ түрші,
2
Астарлы әңгімелерді айтамын,
Әуелден бар құпияларды ашамын.
3
Өзіміз естіп білген әңгімелерді,
Аталарымыз айтқан нәрселерді
4
Солардың ұрпақтарынан жасырмаймыз,
Келер буынға оларды жариялаймыз:
Жаратқан Иенің даңқты істерін,
Оның құдіреті мен кереметтерін.


5
Өйткені Иеміз Жақыптың ұрпағына
Ережесін орнатып, Исраил халқына
Арнап Таурат заңын шығарып тапсырды,
Ол ата-бабаларымызға соларды
Балаларына үйретуге бұйырды.
6
Келер ұрпақ оларды жақсы танысын,
Кейін туар перзенттері де ұғынсын,
Олар да өз балаларына үйретсін.
7
Осылай бұлар Құдайға үміт артсын,
Оның кереметтерін есте сақтасын,
Әрі өсиеттерін нық орындасын.
8
Олар бабаларындай істеп жүрмесін:
Бас көтергіш қыңыр ұрпақ бола көрмесін,
Жүректерін Құдайға арнаудан безбесін,
Ой-ниеттері Құдайға сенімсіз болмасын.
а
//


9
Ефремнің ұрпақтары
ә
садақпен қаруланған,
Ал шайқасар күні кері бұрылып қашқан,
10
Құдайдың Келісімін сақтамаған,
Таурат заңын
б
ұстанудан бас тартқан,
11
Құдайдың ежелгі істерін ұмытқан:
Ғажап кереметтерін Ол жасаған
12
Мысыр елінде, Соған алқабында
в
Ата-бабаларының көз алдында.


13
Сол кезде Құдай теңізді қақ бөлген,
Арғы жағаға халықты жеткізген,
Теңіз суын қабырғадай тұрғызған,
14
Күндіз бұлтты, түнде отты бағанамен
Өзі оларды жетелеп бастап жүрген.
г
15
Шөл далада жартасты қақ айырған,
Терең тұңғиықтан су шығарған,
Халқының шөлін молынан қандырған.
16
Жартастан Жаратқан бұлақтар ағызған,
Өзендей төмен қарай сарқыратқан.
ғ


17
Алайда халық күнә жасай берген,
Хақ Тағалаға қарсы түзде бас көтерген,
18
Талғамдарына қарай тамақ талап еткен,
Тәңірді іштей сынап еркінсіген,
19
Былай деп қарсы сөйледі Құдайға:
«Айдалада Құдай тамақ бере ала ма?
20
Рас, жартасты ұрғанда су тасқындап,
Жылғамен аға жөнелді сарқырап,
Алайда Ол нан да бере ала ма,
Етпен де халқын қамти ала ма?!»


21
Мұны естіп Жаратқан Ие ашуланды,
Жақыпқа зәрінің оты тұтанды,
Иә, Исраилге қатты қаһарланды,
22
Өйткені олар Құдайға сенбеді,
Оның құтқаруына үміттенбеді.
23
Бірақ та Ол бұлттарға бұйрық берді,
«Аспанның қақпаларын» ашып берді,
24
Халыққа жейтін маннаны жаудырды,
Сөйтіп оларға нанды аспаннан жіберді,
25
Адамдар «періштелер нанын»
д
жеді,
Қарындары тойғанша Құдай мол берді.


26
Құдай аспанда шығыстан жел тұрғызды,
Құдіретімен оңтүстіктен жел соқтырды,
27
Ол аспаннан тозаңдай мол ет жаудырды:
Теңіз жағалауындағы құм сықылды
Сансыз көп боп ұшып келген құстарды
28
Халық қоныстанған жердің ортасына
Қондырды, шатырларының маңайына.


29
Осылайша халық тойына ет жеді,
Құдай оларға аңсағандарын берді,
30
Ал құмартқан тамақтарын жеп болмастан,
Ауыздарындағы етті жұтпастан,
31
Оның зәрі оларға қарсы көтерілді,
Ол ең мықты адамдарын өлтірді,
Сұлатып исраилдік жас жігіттерді.


32
Алайда халық күнә жасай берді,
Ғажаптарын менсінбей Құдайға сенбеді.
33
Сонда Ол күндерін бекер қылып қысқартты,
Оларды қорқытып, жылдарын доғартты.
е
34
Құдай кейбіреулерін құртқанда,
Басқалары Оған бет бұрды соңында,
Өкініп, қайтты теріс жолдарынан,
Сиына берді Құдайға таң азаннан.
35
Естеріне түсті: «Құдай — құздай панамыз,
Иә, Алла Тағала — Құтқарушымыз».
36
Олар жағымпазданды бірақ ауыздарымен,
Жаратқанға жалған айтты тілдерімен,
ж
37
Шын жүректен Оған адал болмады,
Келісімін Оның берік ұстанбады.


38
Алайда Құдай сондай шапағатты,
Күнәларын кешіріп, оларды құртпады.
Әлденеше рет Ол ашуын басты,
Жалынды қаһарын толық тұтатпады,
з
39
Олардың тәндік екенін ұмытпады,
Шыққан демдей қайтпайтынын ұғынды.
и


40
Қанша рет олар иен түзде бас көтерді,
Айдалада Оны қапаландырды!
41
Қайта-қайта еркінсіп сынап Құдайды,
Исраилдің Киелі Құдайын қайғыртты,
42
Олар ұмытты Оның шексіз құдіретін,
Қанаған жауларынан құтқарған кездерін:


43
Мысырда көрсеткен ғажап істерін,
Соған алқабындағы кереметтерін,
44
Мысыр өзендерін Ол қанға айналдырды,
Ағынынан ешкім су іше алмады,
45
Оларға шақсын деп көптеп масаларды,
Зақымдасын деп жіберді бақаларды,
к
46
Шегіртке құрттарына қиды егіндерін,
Шегірткелерге еңбектерінің өнімдерін,
47
Бұршақпен жойды Ол жүзім бақтарын,
Аязбен қиратты тұт ағаштарын.
48
Жаудың малына да бұршақты жаудырды,
Табындарын найзағай астында қалдырды.
қ


49
Құдай қаһарының тізгінін ағытты,
Ашу-ызасы мен қастығын танытты,
Құртушы хабаршыларын
л
жөнелтті,
50
Лаулаған қаһарына Тәңір жол берді,
Ажалдан жаудың жандарын сақтамады,
Оларды обаның індетіне табыстады.
51
Мысырдың тұңғыштарының құртты көздерін,
Хамның
м
үйлеріндегі мықты өскіндерін.


52
Ал Құдай өз халқын алып шықты қойлардай,
Иен далада бастап жүрді отардай,
53
Оларды аман-есен жетеледі,
Сонда халық ешқандай үрейленбеді,
Бірақ жауларын теңіз жалмап жіберді.


54
Құдай халқын әкелді киелі еліне,
Құдіретпен иемденген таулы өлкесіне,
55
Алдарынан ұлттарды шығарды қуып,
Олардың жерлерін мұраға берді бөліп,
Үйлерін де Исраил руларына мекендетіп.


56
Бірақ олар әлі де Құдайды сынады,
Бас көтеріп, Хақ Тағалаға бағынбады,
Оның берген жарлықтарын сақтамады,
Бабаларының қылықтарын қайталады,
57
Құдайдан бас тартып опасыздық жасады,
Кеуіп қалған садақтай сенімсіз болды.
58
Биіктеу жерлерде тәңірсымақтарға арнап
Ғибадат ететін орындарын салып,
н
Құдайдың ашу-ызасын туғызды,
Жалған тәңір мүсіндерін тұрғызды,
Құдайдың зор қызғанышын тудырды.
о


59
Мұны естіп Құдайдың қаһары тұтанды,
Ол Исраилден жиреніп мүлдем бас тартты,
60
Содан тастап кетті Шилодағы тұрағын,
Адамдар арасындағы киелі шатырын.
61
Ол тіпті өз құдіретін паш еткен сандығын
ө
Халқының жауларының қолына түсірді,
Иә, Өзінің ұлылығының осы белгісін
Сол дұшпандарының қолдарына тапсырды!


62
Құдай меншікті халқына қаһарланды,
Семсер жүзіне оларды табыстады,
63
Халықтың жас жігіттерін өрт жалмады,
Қыздарына той әндері айтылмады,
64
Діни қызметкерлері семсерден құрыды,
Жесірлері жоқтау да айта алмады.


65
Соңында Иеміз тұрды ұйқыдан оянғандай,
Ішіп алып қызбаланған балуандай,
66
Жауларына соққы беріп, кері тойтарды,
Оларды шексіз масқараға қалдырды.


67
Кейін Тәңір Жүсіптің әулетін таңдамады,
п
Ол Ефрем руын басшылыққа қоймады,
68
Орнына таңдап алды Яһуда руын,
Әрі Өзі қатты ұнатқан Сион тауын,
69
Киелі үйін зәулім аспандай орнатты,
Жер іспетті оны мәңгілікке нығайтты.


70
Қызметшісі етіп Дәуітті таңдады,
Қой отарынан Құдай оны шақырды,
71
Саулық бағып жүрген жерінен алдырды,
Жақыптың ұрпақтарын оған бақтырды,
Меншікті Исраил халқын қамқорлатты.
р
72
Ол халқын бағып жүрді шын жүректен,
Жетелеп алып жүрді епті қолымен.

а  Немесе: Ата-бабаларының рухтары (яғни ой-ниеттері) Құдайға сенімді болмады.

ә  Жақыптың немересі, Жүсіптің ұлы Ефремнің ұрпақтары Солтүстік Исраил патшалығының ең күшті де басты руы болғандықтан, осы атау сол патшалықтың бүкіл халқын да білдіретін.

б  Яки: (Таураттағы) Құдайдың тағылымын.

в  Соған (яки Цоан): Солтүстік Мысырдағы Ніл өзенінің атырауындағы алқапты аймақтың ежелгі атауы.

г  Мыс 13:21-15:2.

ғ  Мыс 17:6; Рул 20:8,10-11.

д  Немесе: «мықтылардың нанын»; яки: «манна» (77:24; Рул 11:6-9).

е  Рул 14:11,22-23,28-35.

ж  Иш 29:13

з  Мыс 32:14; Рул 14:20.

и  Әйүп 7:7,16.

к  Мыс 7:20-21,26-29; 8:1-2,12-13.

қ  Мыс 10:13; 9:23,25.

л  Яки: періштелерін (Рул 16:45,49; қ.: Жар 19:13; Мыс 12:23).

м  Ежелгі мысырлықтар Хамнан тараған (Жар 10:6).

н  Пат1 9:12.

о  Қызғаныш Құдай таңдап алған халқының жалған тәңірлерге (тәңірсымақтарға) табынып, жаман әдеттерге салынуларына шыдамайды (Мыс 20:5).

ө  Демек, Келісім сандығын (Пат1 4:1-11).

п  Немесе: Жүсіптің шатырын (яғни оның ұрпақтары — Ефрем мен Манаса руларын Исраил халқын жетелеуге) таңдамады (77:9-12).

р  Пат1 16:11-13; Пат2 7:8.