Забур жырлары  72
Төртінші жазба
Зұлымның ақырын ұғып, қызғаныш-шүбәдан арылу
1
(Асафтың жыры.)


Құдай Исраил үшін қандай игі,
Жүрегі пәктер үшін мейірімді!


2
Ал мен тура жолдан тая жаздадым,
Тірегімнен айырылуға шақ қалдым.
3
Күнәкарлардың өркендеуін көрдім,
Менмендерге қызғана қарай бердім.
4
Өмірінде шекпейді олар азапты,
Денсаулығы мықты әрі қуатты,
5
Өзгелердей көрмейді ауыртпалықты,
Басқалардай жемейді олар соққыны,
6
Содан моншақтай тағып алып мақтанышты,
Әрі киімдей жамылған зорлық-зомбылықты.
7
Тым семіздіктен көздерін май басқан,
Арамдық пиғылдары да асып-тасқан.
8
Өзгелерді олар қорлап, жамандайды,
Паңдана зәбір-жапа жоспарлайды.
а
9
Көкті ауызымен иеленгенсиді,
Жерге де тілімен билік еткенсиді.
10
Сондықтан да халық оларға бет бұрып,
Айтқандарын тыңдайды құштарланып:
ә
11
«Құдай қайдан білсін? — деп сол зұлымдар
Мақтана сұрайды: — Хақ Тағала ма хабардар?»
12
Бейқам болып осы арам пиғылдылар
Молынан жинайды байлықтар.


13
Әлде бекерге жүрегімді пәк сақтап,
Қолымды күнәдан таза ұстадым ба?!
14
Сонда да күн ұзағына қиналып,
Таң атысымен түсемін азабыма!
15
Ал егер мен солай сөйлейін десем,
Халқыңды алдап, опасыздық жасар едім.
б
16
Мұның бәрін ақылға салып көргенімде
Көзім жетті аса қиын екеніне.


17
Соңында мен Құдайдың үйіне кірдім,
Ақыры солармен не боларын білдім:
18
Сен зұлымдарды тайғақ жолға түсіресің,
Биіктен құлатып, жойып жібересің.
19
Олар күтпеген жерден талқандалады,
Зәрелері ұшып, жойылып, жоғалады.
20
Я, Ием, көтерілсең, олар ғайып болар,
Оянғанда жоқ болатын түске ұқсар.


21
Ал жүрегім менің қызғаныштан күйді,
Жан дүнием шүбәдан налып ренжіді.
22
Сонда санасыз ақымақ болып қалдым,
Көз алдыңда ақылсыз хайуанға ұқсадым.


23
Алайда қасыңда боламын әрқашан,
Сен мені ұстап қолдайсың оң қолымнан,
24
Ақыл-кеңесіңмен мені бастайсың,
Ақыры салтанатыңа
в
қабылдайсың.


25
Өзіңнен басқа кімім бар еді көкте?
Өзге ештеңе аңсамаймын жерде де!
26
Тәнім әлсіреп, жаным шаршағанмен,
Уа, Құдай, мәңгілік жар
г
боласың Сен,
Жүрегімнің берік тірегі бола бересің.
27
Бірақ жойылады алшақтағандар Өзіңнен,
Безіп кеткендердің бәрін жоясың Сен.


28
Құдайға жақын болғаным қандай игі!
ғ
Паналап Жаратушы Тәңір Ием — Сені,
Жариялап тұрмын күллі істеріңді.

а  Немесе: Паңдықтан адамдарды зорлық жасаймыз деп қорқытады.

ә  Немесе: Сондықтан Құдайдың халқы оларға бұрылып, суды тостағандап ішеді (яки: олардың өздеріне айтқандарын екі етпейді).

б  Демек, (рухани) балаларыңның ұрпағын адастырып, теріс жолға салып, опасыздық жасар едім.

в  Яғни салтанатты мекеніңе. Яки: ұлылықпен (48:16).

г  Немесе: мәңгілік несібем (үлесіме тиген мұрам) (15:5).

ғ  Немесе: Құдай алдына барып, Оған сиыну мен үшін қандай игі!