Забур жырлары 68
Құдайдың қорлық шеккен қызметшісінің мінажаты
1
(Ән-күйдің жетекшісіне арналған, «Қызғалдақтар» әуенімен айтылатын Дәуіттің жыры.)
2
Құтқара гөр, уа, Құдайым менің,
«Тасыған су» жетті мойныма дейін,
3
«Батпаққа» терең батып бара жатырмын,
Аяқ басып тұрар жер таба алмаймын,
Судың тереңіне батқан адамдаймын,
Ағызып барады мені қатты ағын.
4
Жалбарына айқайлап қалжырадым,
Құрғап, кеуіп қалды менің тамағым,
Құдайымды күтіп талды қос жанарым.
5
Басымдағы шашымнан көп дұшпандарым,
Себепсіз мені жек көреді жауларым,
Сұмдықпен мені қудалап келеді,
Алмаған нәрсемді талап етеді.
6
Уа, Құдай, Саған аян ақымақ қылығым,
Сенен таса емес жасаған күнәларым.
7
Өзіңе сенімдерін артқан жандарды
Маған бола ұятқа қалдырмашы,
О, Әлемнің Иесі, Жаратушы,
Саған бет бұрып дұға еткен жандарды
Енді маған бола масқаралатпашы,
Уа, Исраилдің сиынатын Құдайы!
8
Сен үшін мазаққа төзіп келем,
Масқарам көрініп тұр бет-жүзімнен.
9
Туған бауырларым да мені танымайды,
Шешемнің ұлдары маған жат деп қарайды.
10
Киелі үйіңнің қамын жеп азапқа түсем,
Сені қорлағандардың ғайбаты маған тиген.
11
Ораза ұстап, жылаған уақытымда
Олар мені келекелеп қорлауда.
12
Қайғыланып азалы киім кигенімде
Олар мені мазақтап келемеждеуде.
13
Алаңда ақсақалдар мені өсектейді,
Сыра ішкендер сықақтап әндетеді.
14
Ал мен Саған, уа, Жаратқан, Өзіңнің мейірім
Көрсететін кезіңде сиынып келем,
Құлақ сала көрші маған, уа, Құдайым,
Шынында құтқаршы зор рақымыңмен.
15
«Батпақтан» мені тартып шығара көрші,
«Тұңғиыққа» батуыма жол бермеші,
Жек көретін дұшпандардан құтқаршы,
«Терең сулардан» Мені тартып шығаршы.
16
Жол берме тасқынның ағызып әкетуіне,
Терең судың мені жұтып жіберуіне,
Ажал шыңырауының жалмап қоюына.
17
Уа, Жаратқан Ие, дұғама құлақ түрші,
Берік мейірімің Сенің сондай игі,
Мол рақымыңа сай маған көңіл бөлші.
18
Мендей пендеңнен бетіңді жасырмашы,
Қасірет шегудемін, тез жауап берші.
19
Жақындап келіп, жанымды құтқаршы,
Жауларыма бола босата көрші.
20
Сен білесің қандай қорлық көргенімді,
Ұятқа қалып, жапа шеккенімді,
Көріп алдың бар дұшпандарымды.
21
Мазақтары жүрегімді күйретіп, әлсізбін,
Бекерге жұрттан аяныш күттім,
Ешбір жұбатушыны кездестірмедім.
22
Қайта, тамағыма олар өт қосып берді,
Шөлдеп тұрғанымда сірке суын ішкізді.
23
Мол дастарқандары жауларыма тор болсын,
Бейқам ішкен астары тұзаққа айналсын,
24
Көздері көре алмастай тұмандансын,
Белдері ұдайы бейнеттен бүкшиіп қалсын,
25
Оларға төге гөр өз қаһарыңды,
Һәм қуып жетсін ашуыңның жалыны,
26
Тұрған мекені қаңырап бос қалсын,
Шатырларында тұратын ешкім болмасын!
27
Өйткені Сен соққанды олар қуғындайды,
Сен жаралағанды тағы мазақтайды.
28
Мойындарына салшы бар қылмыстарын,
Өзіңнің алдыңда ақтала алмасын.
29
Өмір кітабынан өшірші есімдерін,
Әділдер тізіміне олар тіркелмесін.
30
Ал мен азап шегіп қиналудамын,
Уа, Құдай, құтқаруың мені қолдасын,
31
Сонда Құдайдың атын әнге қосамын,
Шүкіршілік етіп мақтау айтамын.
32
Көбірек ұнатады мұны Жаратқан
Құрбандық мүйізді ірі қарадан.
33
Соны көріп, мәз болады қаналғандар,
Жігерленіңдер, Құдайға бет бұрғандар!
34
Өйткені Жаратқан Ие мұқтажға құлақ түреді,
Тұтқын пенделерін Ол менсінбей кетпейді.
35
Мадақтаңдар Иемізді, аспан мен жер,
Теңіз бен ондағы күллі жәндіктер,
36
Себебі Құдай Сионды құтқарады,
Яһуданың қалаларын қайта тұрғызады,
Құдай халқы орнығып, елге ие болады.
37
Пенделерінің ұрпағы елді иемденеді,
Құдайдың есімін сүйгендер соны мекендейді.