Забур жырлары  66
Құдайдан бар халықтарды жарылқауын сұрау
1
(Ән-күйдің жетекшісіне арналған, ішекті аспаптардың сүйемелдеуімен айтылатын жыр әрі ән.)


2
Я, Құдай, рақымды болып, жарылқай гөр,
Бет-жүзіңнің нұрын бізге түсіре гөр. //
3
Бүкіл жер бетінде Сенің жолың мәлім болсын,
Барлық халықтарға құтқаруың аян болсын!


4
Уа, Құдай, халықтар Сені мадақтай берсін,
Күллі ұлттар Өзіңе мақтау айта берсін!
5
Рулар қуана-қуана ән шырқай берсін,
Себебі Сен ұлттарды әділдікпен билейсің,
Жер бетіндегі руларға дұрыс бағыт сілтейсің. //


6
Уа, Құдай, халықтар Сені мадақтай берсін,
Күллі ұлттар Өзіңе мақтау айта берсін!
7
Сонда жердің топырағы бізге өнімін сыйлар,
Һәм Құдай, сиынған Құдайымыз, бізді жарылқар.
8
Лайым Құдай бізді жарылқай берсін,
Бар жердегі адамдар Оны қастерлесін!