Забур жырлары  65
Бар халықтар, Құдайды мадақтайық!
1
(Ән-күйдің жетекшісіне арналған ән әрі жыр.)


Бар әлем, Құдайға қуана дауыстаңдар,
2
Оның есімін дәріптеп жырлаңдар,
Зор ұлылығының даңқын шығарыңдар!
3
Құдай алдында былай деп айтыңдар:
«Қандай керемет Сенің іс-әрекетің,
Һәм қандай ұлы Сенің құдіретің,
Жауларың Сенің алдыңда бойсұнады,
4
Бүкіл жер Саған бас иіп сиынады,
Саған арнап мақтау жырларын айтады,
Есіміңді мадақтап ән салады». //


5
Келіп, Құдайдың істерін көріңдер,
Адамдар үшін Ол істейді кереметтер,
6
Құдай теңізді айналдырды құрлыққа,
Оның халқы жаяу өтті арғы жаққа.
7
Ол құдіретті күшімен мәңгі билейді,
Халықтарды әрдайым бақылайды,
Қыңырдың бас көтеруіне жол бермейді. //


8
Халықтар, Құдайымызды мақтаңдар,
Қатты дауыспен Оны мадақтаңдар!
9
Ол жанымызды аман-есен қорғайды,
Аяғымызды сүрінуден сақтайды.


10
Уа, Құдай, Сен сынақтан бізді өткіздің,
Күмісті балқытқандай тазарта бердің,
а
11
Тұзаққа түсіріп бізді құлаттың,
Арқамызға құлдықтың жүгін арттың,
12
Адамдарды басымызға шығардың,
Оттан да, судан да бізді өткіздің,
Ал ақыры молшылыққа жеткіздің.


13-14
Қасірет кезінде аузымнан шыққан,
Қиындыққа тап болғанда тілім айтқан,
Саған берген сертімді іске асырамын,
Өртелмек құрбандықпен үйіңе барамын.
15
Саған арнап семіз малдарды шаламын,
Қошқар майын өртеп, жұпарын шығарамын,
Бұқалар мен ешкілерді де ұсынамын.


16
Ей, Құдайымызды қастерлейтіндер,
Барлығың келіп, құлақ түріңдер.
Оның маған істегенін сендерге айтамын.
17
Мен Құдайға дауыстап сиындым,
Аузымменен Оның даңқын шығардым.
18
Жүректе бар күнәмнан бас тартпасам,
ә
Дұғама құлақ салмас еді Жаратқан.
19
Расында Құдай құлақ түрді маған,
Сиынғанымда даусым жетті Оған.


20
Мінажатымнан менің бас тартпаған,
Мейірімін менен алып қоймаған
Құдайымыз мадақталсын әрқашан!

а  11:7.

ә  Яки: Егер мен күнәмді жақсы көріп, Құдай алдында мойындамасам.