Забур жырлары  63
Залым жаудан құтқарушы — Құдай Тағала
1
(Ән-күйдің жетекшісіне арналған Дәуіттің жыры.)


2
Уа, Құдай, арызыма құлақ сала гөр,
Жаудың сесінен жанымды сақтай гөр,
3
Зұлымның астыртын әрекетінен
Қорғап әрі залымның бүлігінен.
4
Тілдерін олар семсердей өткірлеген,
Көздеп тұр жебедей өткір сөздерімен.


5
Айыпсыз жанды атады тосқауылдан,
Кенеттен тап береді қорықпастан.
6
Зұлым ойларында бір-бірін қолдайды,
Құпия тор құруды жоспарлайды,
«Мұны кім көрер?» деп өздерін мақтайды.
7
Қаскүнемдік ойластырып, құрайды,
«Мүлтіксіз жоспар құрдық» деп ойлайды.
Адамның жан дүниесі — түпсіз тұңғиық,
Жүрек түкпірлері пендеге жабық.


8
Ал Құдай соларды жебемен атады,
Кенеттен олар жарақаттанады,
9
Өз сөздеріне бола талқандалады,
Мұны көргендер олардан бас тартады.
а


10
Күллі адамзат үрейленеді,
Құдайдың істерін жария етеді,
Оның керемет жасағанын түсінеді.
11
Жаратқанға әділдер шаттанады,
Олар Иемізден пана табады.
Ақжүрек жандар Оны мақтан тұтады.

а  Яки: Мұны көргендердің бәрі бас шайқап таңғалады.