Забур жырлары 61
Құдіретті де рақымды Құдайға деген сенім
1
(Ән-күйдің жетекшісі Едутунге арналған Дәуіттің жыры.)
2
Жаным тыным табады жалғыз Құдайдан,
Құтқарылуым келеді тек қана Одан,
3
Ол ғана — паналайтын жартасым,
Құтқарушым әрі заңғар қорғаным,
Енді қайтып қатты шайқалмаймын.
4
Қашанғы бас саласыңдар бір адамға?
Теңселген дуал, қисайған қабырға
Сияқтанған мені құлатпақсыңдар ма?
5
Биіктен құлатуға жаулар жоспарлайды,
Сол үшін өтіріктен де бас тартпайды,
Ауыздарымен бата бергенсиді,
Ал жүректерінде жамандық тілейді.
6
Жан дүнием, тыным тап жалғыз Құдайдан,
Үміт келеді маған тек қана Одан,
7
Ол ғана — паналайтын жартасым,
Құтқарушым әрі заңғар қорғаным.
Енді қайтып ешқашан шайқалмаймын.
8
Құтқарылуым, абыройым Құдайдан,
Ол — мықты қорғаным әрі баспанам.
9
Халайық, лайым Оған сенім артыңдар,
Ойларыңды Оған толық ашыңдар,
Құдай — біздің панамыз, мұны ұмытпаңдар! //
10
Адамзат атаулы шығарған деміңдей,
Атақты, атақсыз бәрібір бекердей,
Таразыға бәрін салып көргенде,
Жеңіл олар шығарған деміңнен де.
11
Зорлықпен алып қоюға үміт артпа,
Дүние-мүлік ұрлаймын деп те мақтанба,
Дәулетің молайса, соған сенім артпа!
12
Бірде Құдай маған былай деп айтты,
Талай рет мен естігенмін мынаны:
Құдіретті күш, о, Құдай, Сенікі.
13
Уа, Ием, тұрақты — Сенің рақымың,
Әркімге лайықтысын ісіне сай қайтарасың.