Забур жырлары 53
Қиын-қыстау кезде Құдайға сенім арту
1
(Ән-күйдің жетекшісіне арналған, ішекті аспаптардың сүйемелдеуімен айтылатын Дәуіттің насихат жыры.
2
Зифтің бірнеше тұрғынының Саулға барып: «Дәуіт біздің жақта тығылып жүрген сияқты!» деп хабар жеткізген кезіне арналған.)
3
Уа, Құдай, ұлы атың үшін құтқара гөр,
Зор құдіретіңмен мүддемді қорғай гөр!
4
О, Құдайым, дұғама құлақ сала гөр,
Аузымнан шыққан сөздерге көңіл бөле гөр!
5
Бөгде адамдар маған қарсы шықты,
Зорлықшыл сұмдар жанымды алмақшы,
Олар еш ойламайды Құдай туралы. //
6
Алайда Құдай маған жар болады,
Жаратқан Ие жан дүниемді нығайтады,
7
Сұмдығының есесін жауыма қайтарады.
Ием, адалдығыңа сай оларды талқандашы.
8
Өз еркіммен Саған құрбандық шаламын,
Уа, Ием, ізгі атыңа мақтау айтамын.
9
Сен құтқарып алдың мені бар пәледен,
Жауларымның жеңілгенін көрдім көзіммен.