Забур жырлары  52
Құдайсыздарды сақтандырып, сенушілерді жігерлендіру
1
(Ән-күйдің жетекшісіне арналған, «Ауыртпалық шегу» әуенімен айтылатын Дәуіттің насихат жыры.)


2
Ақылсыз адамдар «Құдай жоқ!» деп ойлайды,
Әбден бұзылған олар жексұрындық жасайды,
Әрі ешқайсысы да жақсылық жасамайды.


3
Құдай көктен көз салады адамзатқа:
«Ақылды біреу бар ма бет бұратын Құдайға?»
Деп байқайды Ол.
4
Жоқ, бәрі тайып кетті теріс жолға,
Әбден бұзылды бірігіп барлығы да.
Жақсылық жасаушы ешкім жоқ, тіпті бір жан да.


5
Сұмдық жасайтындар ақылға келмес пе екен?
Халқымды олар нан жегендей жалмап кеткен,
Құдайға сиыну ойларына еш түспеген.
6
Ал оларды қорқыныш құрсаулайтын болады,
Қауіп-қатер жоқ жерде үрейлері ұшады.
Тап берген жауыңның сүйектерін Құдай шашады,
Сен масқаралайсың Құдай бас тартқан оларды.


7
Құтқару Сионнан келсе екен Исраилге!
Құдай өз халқын тұтқыннан азат еткенде
а
Жақыптың үрім-бұтағы қатты қуанады,
Иә, Исраил халқы шат-шадыман болады!

а  Яки: өз халқына игіліктерін қайтадан сыйлағанда (13:7; Заң 30:3).