Забур жырлары  5
Таң ата Құдайдан зұлымдардан қорғауын сұрау
1
(Ән-күйдің жетекшісіне арналған, сыбызғылардың сүйемелдеуімен айтылатын Дәуіттің жыры.)


2
Уа, Жаратқан Ием, сөзіме құлақ түре гөр,
Қасіретті ойларыма көңіл бөле гөр,
3
Құлақ салсаңшы дауысыма зар жылаған,
О, Патшам, Құдайым менің, сиынамын Саған.
4
Уа, Ием, ертеңгісін ести гөр дауысымды,
Таң ата алдыңа келіп, күтемін жауабыңды.


5
Себебі Сен, Құдайым, зұлымдықты құптамайсың,
Жамандық атаулыны қасыңа жолатпайсың.
6
Мақтаншақтар тұра алмас көз алдыңда Сенің,
Заңсыздық істейтіндердің бәрін жек көресің.
7
Өтірік айтқандардың көзін құртып жібересің,
Уа, Ием, Сен қанішер, опасыздан жиренесің.


8
Ал мен мол рақымыңның арқасында
Өзіңнің киелі үйіңе кіремін,
Қасиетті ғибадатханаңның алдында
Өзіңді терең қастерлеп бас иемін.
9
О, Ием, мені Өзіңнің тура жолыңмен
Жауларыма бола бастап алып жүрші,
Жолыңды Өзің маған белгілеген
Алдымнан анықтап, тегістеп берші.


10
Себебі жауларымның сөздерінде жоқ шындық,
Жүректерінде ағыл-тегіл мол зұлымдық,
Арандары олардың көрдей ашық,
Майда тілдерімен айтады жалғандық.
11
Уа, Құдайым, үкімдерін шығаршы,
Құрған тұзақтарына өздерін құлатшы,
Мол күнәлары үшін қуып шықшы,
Өйткені олар Саған қарсы шықты.


12
Өзіңе үміт артқандар шаттансын,
Лайым қуана мадақтап ән салсын.
Өзіңді сүйгендер Сені айтып мақтансын,
Олардың бәрін Сен қолдап-қорғайсың.
13
Уа, Ием, Сен әділдерді жарылқайсың,
Рақымыңмен қалқан іспетті қоршайсың.