Забур жырлары 47
Ұлы Патшаның астанасына деген қуаныш
1
(Қорах ұрпақтарының әні әрі жыры.)
2
Құдайдың таңдап алған қаласында,
Оның қасиетті Сион тауында
Жаратқан Иеміз теңдессіз ұлы,
Ол мадақталуға әбден лайықты!
3
Әсем де биік Сион тауы —
Күллі әлемнің қуанышы,
Таудың солтүстік жағындағы
Ұлы Патшаның астанасы.
4
Бекіністі сарайларында Құдай
Белгілі қорғаушы, баспанадай.
5
Патшалар күштерін жинаған еді,
Шайқасқа бірігіп аттанған еді.
6
Олар қаланы көріп, аң-таң болды,
Үрейленіп, түгел қаша жөнелді,
7
Бойларын қорқыныш кернеді,
Толғатқан әйелдей қиналды.
8
Теңіз кемелерін шығыстың дауылы
Қиратқандай, құрттың Сен оларды.
9
Құлағымызбен мынаны естіген едік,
Әлем Иесінің қаласынан соны көрдік,
Иә, Құдайымыздың осы шаһарынан:
Өз қаласын нығайтады Ол әрқашан.
10
Уа, Құдай, ғибадатханаңда
Ойландық мейірімің жайында,
11
Уа, Құдайым, Сенің атың да,
Саған арналған мадақтау да
Жердің төрт бұрышына жайылады,
Құдіретті қолың әділдік орнатады.
12
Сенің әділ билігіңе бола
Шаттанады Сион тауы да,
Қуанады Яһуда қалалары да.
13
Сионға жақындап барыңдар,
Шаһарды айналып шығыңдар,
Барлық мұнараларын санаңдар,
14
Қамалдарына назар аударыңдар,
Сарайларын да қарап шығыңдар.
Келер ұрпаққа мынаны айтыңдар:
15
«Бұл Құдай — мәңгілік Құдайымыз,
Деміміз біткенше Ол — жетекшіміз!»