Забур жырлары 44
Патшаның үйлену тойына арналған жыр
1
(Ән-күйдің жетекшісіне арналған, «қызғалдақтар» әуенімен айтылатын Қорах ұрпақтарының насихат жыры әрі махаббат әні.)
2
Патшаға арнап әнімді айтқанда
Жүрегімнен ізгі сөз құйылуда,
Тілім ұқсас хатшының жүйрік қаламына.
3
Сен әсемсің күллі адам баласынан,
Мейірімді сөз ағылады аузыңнан,
Құдай Сені мәңгілікке жарылқаған.
4
Уа, батыр, семсеріңді асынып ал,
Зор даңқ пен ұлылыққа бөленіп ал.
5
Осы салтанатыңмен жеңіске аттан
Ақиқат, кішіпейілдік, әділдік үшін,
Мықты оң қолың ғажап істер істесін.
6
Жебелерің үшкір, олар патшаның
Жауларының жүрегіне дәл қадалсын,
Барлық ұлттар да аяғыңа жығылсын.
7
Сенің тағың, о, Құдай, сақталады мәңгілік,
Патшалығыңа жүргізесің әділ билік,
8
Заңсыздықты жек көріп, әділдікті сүйесің,
Сондықтан да Құдай, өз Құдайың сенің,
Өзіңді тағайындап, сыйлады саған
Серіктеріңнен гөрі шаттықты молынан.
9
Хош иісті сенің күллі киімдерің
Мүр, алоэ, дәмқабық гүлінің жұпарымен,
Көңіліңді көтереді сазды әуен
Сарайларыңда піл сүйегімен безенген.
10
Сенің құрмет тұтатын жұбайларың
Арасында бар қыздары патшалардың.
Оң жағыңда отыр опырлық саф алтын
Әшекейлер тағып алған патшайымың.
11
Тыңда, қызым, ұғып ал, тос құлағыңды:
Ұмыт шыққан әулетің мен халқыңды,
12
Патша аңсап қалайды сұлулығыңды,
Ол тақсыр иең сенің, ардақта оны!
13
Тир қаласы сыйлығын алып келеді,
Елдің байлары ықыласыңды іздейді.
14
Қалыңдық ханшаң отыр өз бөлмесінде
Алтын кестелі көйлегі бар үстінде,
15
Түрлі түсті киімімен әкелінеді,
Құрбы қыздары соңынан ілеседі,
Барлығы да Сенің алдыңа келеді,
16
Зор қуаныш, шаттықпен бастап әкелінеді,
Патшалық сарайыңа салтанатпен енеді.
17
Ұлдарың орнын баспақ аталарыңның,
Бүкіл елге оларды әкім етіп қоясың.
18
Бар ұрпақтарға сыйлатамын есіміңді,
Халықтар дәріптейді мәңгі Өзіңді.