Забур жырлары 41
Үшінші жазба
Құдайды аңсау
1
(Ән-күйдің жетекшісіне арналған Қорах ұрпақтарының насихат жыры.)
2
Марал қалай аңсаса мөлдір суды,
О, Құдай, жаным солай Сені аңсайды.
3
Жаным шын Құдайды іздеп шөліркейді,
Қашан мен Құдайыма бара аламын,
Қашан Оның алдында бола аламын?
4
Көз жасымды көл қыламын күндіз-түні,
Себебі адамдар менен күні бойы:
«Құдайың қайда?» деп сұрай береді.
5
Сырымды Саған ақтарған кезімде
Мынау бірден түседі менің есіме:
Мен көпшілікті жетелеген едім,
Құдайдың үйіне қарай өрледім,
Мейрамдаған халықпен бірге жүрдім,
Шат-шадыман болып шүкірлік еттім.
6
Жан дүнием, неге сен мұңаясың,
Бойымда алаңдап, неге мазасызсың?
Жалғыз Құдайдан үмітіңді үзбе!
Өйткені Құтқарушымды — өзімнің
Құдайымды мадақтаймын әлі де.
7
Мұңаяды ішімдегі жан дүние.
Мен Иордан жағасындағы елде,
Хермон, Мизар тауларының жерінде
Аңсап ойлайтын боламын Сені.
8
Сарқыраған суларың долданғанда
Ұласа береді тасқын тасқынға,
Сенің бар суларың, толқындарың да
Мені басып, асып кетіп жатты да.
9
Жаратқан күндіз рақым жасап маған,
Мен Оны түнде мақтап, жырлап шығам,
Һәм мінажаттарымды бағыштаймын
Құдайыма Өзіме өмір сыйлаған.
10
Маған жар болып келген Құдайдан:
«Неліктен Сен мені есіңнен шығардың?
Неліктен мен қысым көріп жауымнан,
Сонша қайғырып жүрмін?» деп сұраймын.
11
Дұшпандарымның табалаған мазағы
Жаныма менің қатты батады,
Себебі олар менен күні бойы:
«Құдайың қайда сенің?» деп сұрайды.
12
Жан дүнием, неге сен мұңаясың,
Бойымда алаңдап, неге мазасызсың?
Жалғыз Құдайдан үмітіңді үзбе!
Өйткені Құтқарушымды — өзімнің
Құдайымды мадақтаймын әлі де.