Забур жырлары 39
Жаратқанға сенімін артқан бақытты!
1
(Ән-күйдің жетекшісіне арналған Дәуіттің жыры.)
2
Нық сүйеніп келемін Жаратқан Иеме,
Бұрылып, құлақ түрді Ол өтінішіме.
3
Жаратқан Ием қорқынышты шұңқырдан
Мені тартып шығарды әрі батпақтан;
Дәу тастың үстіне тұрғызды аяғымды,
Нық, қауіпсіз қылды қадамдарымды.
4
Ол жаңа ән-жырды маған айтқызды,
Мадақтаймын әрдайым Құдайымызды.
Мұны көрген көпшілік Жаратқанды
Қастерлеп, Оған сенімін артады.
5
Менмендердің қолдауын сұрамайтын,
Жалғанға сүйенгендерге бет бұрмайтын,
Қайта, тек Жаратқанға сенімін артқан
Әркім — өмір бақи қандай бақытты жан!
6
Уа, Құдай Ием, көп керемет жасадың,
Біздің игілігімізді Сен ойлап тұрсың.
Игі істеріңді айтуға тырыссам,
Көптігі сонша, санауға жетпейді сан:
Саған тең келе алмас бірде-бір жан!
7
Құрбандықтар мен сый-тартуларды қаламадың,
Бірақ маған Өзіңе құлақ салғыздың.
Шалып, өртелетін не күнәнің құнын
Өтейтін құрбандықтарды талап қылмадың.
8
Сонда мен былай дедім: «Міне, келе жатырмын,
Шиыршық кітапта мен туралы жазылған:
9
Сенің еркіңді орындауға құштармын,
Уа, Құдайым, жүрегімде Сенің тағылымың».
10
Үлкен жиында әділдікті уағыздадым,
Ием, Сен білесің, мен үнсіз қалмадым,
11
Іште жасырмадым әділ хабарыңды:
Сенімділігің мен құтқаруыңды,
Рақымың мен ақиқатыңды Өзіңнің
Үлкен жиналыста айтпай кетпедім.
12
Мені мейіріміңнен айырмашы, о, Ием,
Рақым мен шындығың мені қорғасын лайым.
13
Сансыз пәлелер маған жан-жақтан лап берді,
Жасаған күнәларым мені қуып жетті,
Соларға бола жолымды көре алмаймын.
Басымдағы шашымнан көп саны олардың,
Содан үмітім үзіліп, жүрексіз болдым.
14
Уа, Ием, рақым етіп мені құтқара гөр,
Маған көмекке тездетіп келе гөр.
15
Жанымды алмақ болған бар жауларым
Таңдана абыржып, ұятқа қалсын,
Маған пәле тілеген бар дұшпандарым
Масқараланып кері қайтарылсын!
16
«Өзіңе де сол керек!» деп табалаған
Олар қатты ұялып, таңғалсын соған.
17
Бірақ бет бұрып сиынғандар Саған
Өзіңе қуана берсін шат-шадыман,
Лайым құтқаруыңды ұнатқан әркім:
«Иеміз даңқты!» деп Сені дәріптесін!
18
Ал мен жарлымын, мұқтаждықта жүрмін,
Уа, Ием, Сен жағдайымды ойлайсың.
Қолдаушым да құтқарушым Өзіңсің,
Кешіге көрмеші, о, Құдайым менің.