Забур жырлары 32
Екінші жазба
Құдіретті де рақымды Құдайды мадақтау жыры
1
Әділдер, қуана мақтаңдар Жаратқанды,
Адал жандардың мақтауы жарасымды.
2
Жаратқанды домбырамен мадақтаңдар,
Он ішекті жетігенмен күй тартыңдар,
3
Оған бағыштап жаңа ән айтыңдар,
Мәнерлеп ойнап, шаттана айқайлаңдар!
4
Өйткені Жаратқанның сөзі шынайы,
Ол бар істерін адалдықпен жасайды,
5
Иеміз әділет пен әділдікті қалайды,
Оның рақымына толы жердің барлығы.
6
Жаратқанның сөзімен аспан жаралды,
Аузының лебімен жұлдыздар да жасалды.
7
Теңіздің суларын Ол жинап, шек қойды,
Түпсіз мұхитты «қоймаларына» құйды.
8
Күллі жер Жаратқан Иені қастерлесін,
Әлемнің бар халқы Оны құрметтесін,
9
Өйткені Ол сөз айтқанда орындалды,
Бұйрық бергенде бар болып, берік тұрды.
10
Иеміз бағынбайтын ұлттардың ойларын
Шайқалтып, жояды арамза жоспарларын.
11
Жаратқанның жоспары мәңгі берік тұрады,
Бар ұрпақтарға ниеті нық сақталады.
12
Құдайы — Жаратқанға сиынған ұлт бақытты,
Ол меншігіне таңдаған халық жарылқаулы!
13
Жаратқан Ие көктен жерге қарар,
Сонда күллі адамзатты көзімен шолар,
14
Өз тағынан жер тұрғындарын байқар.
15
Ол бәрінің жүректерін жаратты,
Бүкіл істерін толық ұғынады.
16
Патшаны қалың жасағы құтқармайды,
Жауынгер зор күшімен қорғана алмайды,
17
Тұлпар да құтқаруға жарамайды,
Ерен күшімен де құтылта алмайды.
18
Бірақ Өзін терең қастерлейтіндерге,
Рақымына үмітін жүктегендерге
Назарын салады Жаратқан Ие
19
Оларды ажалдан құтқару үшін,
Ашаршылықта аман сақтау үшін.
20
Жаратқанға шын көңілден сенім артамыз,
Ол — қолдаушымыз, қалқандай қорғаушымыз.
21
Жүрегіміз шаттанады Иемізге,
Кәміл сенеміз киелі есіміне!
22
Үмітіміз Өзіңде, уа, Жаратқан Ие,
Берік мейіріміңмен жар бола гөр бізге.