Забур жырлары 26
Жаратқан Иеге нық сену
Жаратқан — нұрым менің, құтқарушым да,
Кімнен мен қорқамын солай болғанда?
Жаратқан — өмірімнің берік қорғаны да,
Кімнен үрейленемін солай болғанда?
2
Мені жалмауға зұлымдар таяп қалса,
Қарсылас, жауларым маған бас салса,
Өздері-ақ сүрініп, жығылады да.
3
Мен қорықпаймын, әскер қоршап алса да,
Үмітім үзілмес, ол маған лап қойса да.
4
Иемнен бір-ақ нәрсені сұрадым,
Тек мынау ғана менің аңсағаным:
Өмір бойы Оның үйінде болсам,
Жаратқан Иенің көркіне қарасам,
Ғибадатханасында ойланып-толғансам.
5
Өйткені менің басыма күн туғанда
Ол тасалайды мені тұрағында,
Жасырады өз құпия орнында,
Аман сақтайды биік тау құзында.
6
Сонда қоршаған жауымнан биік тұрамын,
Иемнің киелі үйінде шаттанамын,
Қуана Оған сый-тартулар бағыштаймын,
Ән-жырымды Жаратқан Иеге арнаймын.
7
Өзіңе сиынған даусыма құлақ түрші,
Уа, Ием, рақыммен жауап бере көрші.
8
Сен «Алдыма келіп, сиыныңдар» дедің,
Саған шын жүректен жауап беремін:
«Уа, Ием, сиынып алдыңа келемін».
9
Бет-жүзіңді жасыра көрме менен,
Ашумен бас тартпа мендей пендеңнен.
Қорғап-қолдаушым болып келесің Сен,
Жалғыз қалдырып безіп кетпе менен,
Уа, Құдайым, Құтқарушымсың Сен.
10
Бас тартса менен тіпті әке-шешем,
Қабылдайды мені Жаратқан Ием.
11
Уа, Ием, жолдарыңды маған нұсқай гөр,
Жауларыма бола ақ жолыңмен бастай гөр,
12
Жаудың еркіне қалдыра көрме мені,
Жалған куәлар өзіме қарсы көтеріледі,
Ашумен маған қоқан-лоқы көрсетеді.
13
Алайда мен мынаған нық сенемін:
Әлі де бұ дүниеде тірі жүремін,
Жаратқан Иенің мейірімін көремін.
14
Әрдайым Жаратқанға арт сеніміңді,
Батыл болып, нығайта түс жүрегіңді!
Әрқашан Жаратқанға арт сеніміңді!