Забур жырлары  24
Құдайдан өзін кешіріп, жетелеп, қолдауын тілеу
1
(Дәуіттің жыры.)


Уа, Ием, жанымды Саған бағыштаймын,
а
2
Я, Құдайым, Саған сенім артамын.
Қалдыра көрме мені масқараға,
Әрі жол берме жаудың табасына.
3
Саған сүйенген ешкім қалмайды ұятқа,
Ал бекер сатып кеткендер болады масқара.


4
Уа, Ием, ақ жолыңды көрсете гөр,
Еркіңе сәйкес жүруге үйрете гөр,
5
Шындығыңа сай бағыттап, нұсқай гөр.
Себебі Құтқарушы Құдайымсың Сен,
Күні бойы Саған үміт артамын мен.


6
Уа, Жаратқан Ием, есіңе алшы
Өзің көрсетіп келген ежелден бері
Сарқылмас мейірімің мен рақымыңды.
7
Есіңе алмашы жас күнгі күнәмді,
Кешіре гөр теріс қылықтарымды,
Ескере гөр мейіріміңе сай мені,
Уа, Ием, Сен рақымдысың өйткені.


8
Жаратқан Ие ізгі де әділетті,
Сондықтан күнәкарға ақ жолды сілтейді,
ә
9
Кішіпейілді әділдікке бағыттайды,
Әрі тура жолын оған нұсқайды.
10
Келісімнің ережелерін ұстанған жанды
Жаратқан рақым әрі шындықпен бастайды.


11
Өз есіміңе сай, уа, Жаратқан Ие,
Кешіре гөр сондай ауыр күнәмді.


12
Кім Жаратқан Иені терең қастерлейді?
Таңдайтын жолын Ол соған көрсетеді.
13
Сондай адам игілікке кенеледі,
Үрім-бұтағы жерін мұра етеді.
б
14
Иеміз Өзін қастерлейтіндерге сырын
Ашады және білдіреді Келісімін.
15
Әрдайым Иеме тігемін көзімді,
Жаудың торынан Ол босатады өзімді.


16
Рақыммен салсаңшы маған назарыңды,
Жападан-жалғызбын, рухым жабырқаңқы.
17
Жүрегімнің қайғысы молайып келеді,
Қиыншылықтан азат етсеңші мені.
18
Азап пен бейнетіме көңіл бөле гөр,
Бүкіл күнәларымды кешіре гөр.


19
Жауларым қандай көп, назар сала көрші,
Жауыздықпен олар мені жек көреді.
20
Құтқара гөр жанымды аман сақтап,
Ұятқа қалмайын Сені паналап,
21
Адалдық пен әділдік қорғасын мені,
Өзіңе үміт артамын мен өйткені.


22
Уа, Құдайымыз, Өзің Исраилді
Бар қиыншылықтан құтқара көрші.

а  Немесе: Саған мінажатым мен үмітімді бағыштаймын.

ә  Яки: Сондықтан Ол күнәкарды тура жолға салады.

б  Яки: Оның үрім-бұтағы (Құдай ежелде уәде етіп, содан халқына табыстаған) елдегі жер үлесін мұра етеді (36:9; Нқл 2:21; Мыс 20:12).