Забур жырлары 2
Құдайға әрі Ол тағайындаған патшаға мойынсұну
1
Неге халықтар жатыр бас көтеріп,
Ұлттар іске аспайтын жоспарлар құрып?
2
Жаратқан мен Оның қойған патшасына
Әлемнің патшалары қарсы тұрып,
Әкімдер кеңесіп жатыр бірігіп:
3
«Бізге салған шынжырларын сындырып,
Бұғауларынан құтылайық лақтырып!»
4
Көктегі тағында отырған Құдай күледі,
Солардың ойларын Жаратқан келекелейді,
5
Содан ашулана зекіп, тіл қатады,
Қаһар шашып, зәрелерін ұшырады:
6
«Киелі тауым Сионда Мен Өзім
Осы патшамды тағайындаған едім!»
7
Паш етейін Жаратқанның жарлығын:
«Рухани ұлымсың, — деді Ол маған.
— (Өзіңді патшалыққа тағайындап)
Мен бүгінгі күні Әке болдым саған.
8
Менен сұра, сонда иелігіңе сенің
Халықтарды мәңгілікке беремін,
Шартарапты қол астыңа өткіземін.
9
Сен жауларды темір таяқпен ұрасың.
Лақтырып сындырғандай қыш ыдыстарын,
Талқандап құртасың өз қиқарлықтарын».
10
Енді, патшалар, ақылға келіңдер,
Әлемнің билері, шындықты түсініңдер!
11
Жаратқан Иені терең қастерлеңдер,
Қуана бой ұрып қызмет етіңдер!
Һәм дірілдеп күнәдан шошыныңдар,
12
Ұлының аяғын сүйіп бағыныңдар!
Әйтпесе Ол кәрленіп, көздеріңді құртпақ,
Ашуы лезде жалындай лауламақ.
Ал Оған сенгендер бақытты болмақ.