Забур жырлары 141
Әлсіреген бейшараның құтқаруды сұраған дұғасы
1
(Дәуіттің насихат жыры. Оның үңгірде жасырынған кезіне арналған мінажаты.)
Жаратқан Иені дауыстап шақырдым,
Қатты дауыспен Иеме жалындым.
2
Оның алдында тілегімді ақтардым,
Қасіретімді Оған түгел аштым.
3
Рухым қажығанда Сен білесің жолымды,
Ал маған байқатпай жауларым торлар құрды.
4
Көмек күтіп оң жағыма қараймын,
Мені ойлаған ешкім жоқ деп байқаймын.
Жер қалмады енді маған пана болар,
Ешкімім жоқ жанымның қамын ойлар.
5
Саған былай деп дауыстап сиынамын:
«Уа, Жаратқан Ие, Сен менің баспанамсың,
Бұ дүниеде маған жар тек Өзіңсің.
6
Зар жылаған даусыма құлақ салшы,
Өйткені мен әлсіредім тым қатты,
Қуғындаған дұшпандардан құтқаршы,
Менікінен тым басым күш-қуаттары.
7
Тас түнектен алып шықшы жанымды,
Мадақтауым үшін Сенің атыңды.
Әділдер сонда қасыма жиналады,
Себебі Маған көрсеттің Сен рақымыңды».