Забур жырлары 136
Жер аударылғандардың қайғылы жыры
1
Бабылдың өзен жағаларында отырдық,
Сионды еске алып біз зар жыладық.
2
Жетігенімізді іліп қойдық сонда
Жағада өсіп тұрған қызыл талдарға.
3
Тұтқындағандар жыр айтуымызды талап етті,
Азаптағандар бізден шаттық әнін күтті:
«Сионның ән-жырларын айтыңдар!» деді.
4
Бөтен елде жүргенде қалайша біз
Иеміздің ән-жырларын айта аламыз?
5
О, Иерусалим, егер ұмытсам сені,
Оң қолым, сен де ұмытқайсың мені!
6
Иерусалимді есімде сақтамасам,
Оны шаттығымның шыңы деп санамасам,
Онда тілім көмейіме жабысып қалсын!
7
Уа, Жаратқан Ием, есіңе түсірші
Иерусалим жау қолына түскен күні
Едомдықтардың не істегендерін:
«Қиратыңдар қаланы түбіне дейін!
Қиратыңдар оны!» деп өршіткендерін.
8
Уа, Бабыл қаласы, ойран салғышсың,
Саған бізге істеген қастығыңның
Есесін қайтарған жан бақытты болмақ,
9
Ұстап алып балаларыңды өзіңнің,
Тасқа ұрған адам бақытты болмақ.