Забур жырлары  134
Жаратушының шексіз құдіреті мен рақымын дәріптеу
1
Жаратқан Иені мадақтаңдар!


Жаратқан Иенің атын дәріптеңдер,
Өз қызметкерлері, Оны қастерлеңдер,
2
Құдайымыздың ғибадатханасында,
Оның киелі үйінің аулаларында!
3
Жаратқан Ие ізгі, Оны мадақтаңдар,
Бұл ұнамды, Оның атын әнмен даңқтаңдар!
а
4
Өйткені Жаратқан Жақыптың әулетін таңдады,
Исраилді Өзінің меншігіне тағайындады.


5
Мынаны ұқтым: Жаратқан ерен ұлы,
Иеміз бар «тәңір, пір» атаулыдан жоғары!
6
Жаратқан Өзіне ұнамдысын жасайды да
Көк пен жерде, теңіз бен тұңғиықта.
7
Ол көкжиектен бұлттарды көтереді,
Нөсер мен найзағайды жібереді,
«Қоймасынан» желді айдап әкеледі.


8
Ол жойғызды Мысырдың тұңғыштарын,
Адамның да, малдың да тұңғыштарын,
9
Перғауын мен құлдарына қарсы Тәңір
Ғажаптар көрсетті өз араңда, уа, Мысыр.
10
Кейін көп халықтарды жеңіп шықты,
Күшті патшалардың көздерін құртты:
11
Аморлықтардың патшасы Сиғонды,
Сондай-ақ Башанның патшасы Оқты,
Қанаханның бар патшасын да құртты.
12
Олардың жерлерін мұра секілді
Өз халқы Исраилге меншікке берді.


13
Атың Сенің мәңгілік, уа, Жаратқан Ие,
Сен боласың бар ұрпақтың есінде.
14
Жаратқан Ие өз халқын ақтайтын болады,
Әрі қызметшілеріне рақым танытады.


15
Өзге ұлттардың пұттары
ә
күміс, алтыннан,
Адамдардың қолдарымен жасалған.
16
Пұттың аузы бар, бірақ сөйлей алмайды,
Көздері бар, бірақ көре алмайды,
17
Құлақтары бар, бірақ ести алмайды
Және ауызынан дем де шықпайды.
18
Өлі пұтты жасаған пенде соған ұқсайды,
Мүсінге сенген әркім де содан аумайды.


19
Уа, Исраилдің үрім-бұтағы,
Мадақтаңдар Иеміз — Жаратушыны,
Уа, Һаронның үрім-бұтағы,
Мадақтаңдар Иеміз — Жаратушыны,
20
Уа, Леуінің үрім-бұтағы,
Мадақтаңдар Иеміз — Жаратушыны,
Уа, қастерлейтіндер Оны,
Мадақтаңдар Иеміз — Жаратушыны,
21
Сионнан мадақтаңдар Жаратқанды,
Уа, Иерусалим, Оның жердегі тұрағы!


Лайым мадақтаңдар Жаратқан Иені!

а  Немесе: Оның атына ән салыңдар, себебі бұл Оған ұнайды!

ә  Яки: Өзге ұлттар табынатын жалған тәңірлердің мүсіндері (113:12; Иш 24:14-19).