Забур жырлары  13
Құдайсыздарды сақтандырып, сенушілерді жігерлендіру 
1
(Ән-күйдің жетекшісіне арналған Дәуіттің жыры.) 
 
Ақылсыз адамдар «Құдай жоқ!» деп ойлайды, 
Әбден бұзылған олар жексұрындық жасайды, 
Әрі ешқайсысы да жақсылық жасамайды. 
2
Жаратқан Ие көктен көз салады адамзатқа: 
 
«Ақылды біреу бар ма бет бұратын Құдайға?» 
Деп байқайды Ол. 
3
Жоқ, бәрі тайып кетті теріс жолға, 
Әбден бұзылды бірігіп барлығы да. 
Жақсылық жасаушы ешкім жоқ, тіпті бір жан да. 
4
Сұмдық жасайтындар ақылға келмес пе екен? 
 
Халқымды олар нан жегендей жалмап кеткен, 
Жаратқанға сиыну ойларына еш түспеген. 
5
Ал оларды қорқыныш құрсаулайтын болады, 
 
Өйткені Құдай әділ ұрпаққа жар болады. 
6
«Әй, зұлымдар, күлесіңдер жарлының ниетіне, 
 
Бірақ қолдап-қорғайды оны Жаратқан Ие!» 
7
Құтқару Сионнан келсе екен Исраилге! 
 
Жаратқан өз халқын тұтқыннан азат еткенде, 
Жақыптың үрім-бұтағы қатты қуанады, 
Иә, Исраил халқы шат-шадыман болады!