Забур жырлары 129
Ауыр жағдайдың тұңғиығынан айтылған дұға
1
(Киелі үйге өрлеп бара жатқанда айтылатын жыр.)
Ауыр жағдайымның тұңғиығынан,
Уа, Жаратқан Ием, дауыстаймын Саған.
2
О, Тәңір Ием, даусымды тыңдай гөр,
Мінажатыма менің құлақ түре гөр!
3
Ием, Сен күнәларды есіңнен шығармасаң,
Кім алдыңда тірі қалар, уа, Жаратқан?
4
Бірақ Сен кешірім беруге әзірсің,
Содан бәрі Сені қастерлей берсін!
5
Шын жүректен Иеме сенім артамын,
Берген сөзіне үмітімді артамын.
6
Күзетші күткендей таңның атуын,
Қарауыл аңсағандай күннің шығуын,
Жан-тәніммен Иемді күтіп сағынамын.
7
Уа, Исраил халқы, сенім арт Жаратқанға,
Рақым мен құтқаратын күш шексіз Онда.
8
Бар күнәсінің құнын төлеп, Исраилді
Құтқарып Жаратқан Ие азат етеді.