Забур жырлары 125
Уа, Жаратқан, қайтадан жарылқай гөр!
1
(Киелі үйге қарай өрлеп бара жатқанда айтылатын жыр.)
Жаратқан Ие тұтқындарды Сионға
Қайтарып алып келген уақытында
Ұқсадық түс көріп жатқан адамға,
2
Езуіміз жиылмады күлкіден,
Аузымыздан үзілмеді шаттық ән.
Басқа ұлт адамдары өзара былай десті:
«Бұларға Жаратқан жасады керемет істі!»
3
Жаратқан бізге керемет жасады шынында,
Сондықтан да біз кенелдік зор қуанышқа!
4
Шөлдегі кеуіп қалған өзендерді
Лезде-ақ суға толтыратының секілді,
Уа, Жаратқан Ие, игіліктерімізді
Біздерге қайтадан сыйлай гөр енді.
5
Көз жасын төгіп жүріп еккендер егінін
Қуана әндетіп жинамақ өнімін:
6
Олар еңіреп жүріп тұқымдарын
Сеуіп тастайды егістік жерлеріне,
Кейін құшақтап алып астық бауларын
Қуана қайтады мекендеріне.