Забур жырлары  121
Құдайдың қаласына игілік тілеу
1
(Киелі үйге қарай өрлеп бара жатқанда айтылатын Дәуіттің жыры.)


«Барайық киелі үйіне Жаратқанның!»
Дегенді естіп қатты қуандым.
2
Уа, Иерусалим, аяғымыз біздің
Қақпаларыңның алдында тұр сенің.


3
Қабырғалары кірігіп бір тұтасқан
Қала болып Иерусалим салынған.
4
Осында өрлеп келіп тұрады
Жаратқанға сиынатын рулары,
Исраилге Ол мынаны заң етіп тапсырды:
Жаратқан Иенің есімін мұнда даңқтауды.
5
Қалада тұр билердің орындықтары,
Дәуіттің әулетінің патшалық тақтары.


6
Амандық тілеңдер Иерусалим үшін:
«Қаланы сүйетіндер өркендесін,
7
Қамалыңның ішінде амандық болсын,
Сарайларыңда тыныштық орнасын!»
8
Тума-туыс, дос-жарандарым үшін
Қалаға аман-есендік тілеймін.
9
Құдай Иеміздің киелі үйі үшін
Иерусалимге зор игілік тілеймін.