Забур жырлары 119
Айлакер өтірікшілерден қиналған жанның мінажаты
1
(Киелі үйге қарай өрлеп бара жатқанда айтылатын жыр.)
Мүшкіл халімде Иеме жалбарындым,
Ол мінажатыма түрді құлағын.
2
Құтқара көрші мені, уа, Жаратқан,
Айлалы тіл мен өтірікші ауыздан.
3
Ісіңнің қарымтасын, ей, айлакер жан,
Саған қанша қылып қайтарар Жаратқан:
4
Тартар жазаң сарбаздың өткір оғындай,
Әрі жанған ағаш көмірінің шоғындай.
5
Алыс Мешехте кірме болып тұрған,
Қидар шөлінде шатыр маңында қонған
Сияқты сорлы басымды қайғы басқан!
6
Ынтымақты ұнатпайтындармен
Ұзақ уақыт бірге тұрып келемін,
7
Татулықты сүйетін жанмын мен,
Ал олар таласпақшы, бұл жайлы сөйлесем.